28 Қараша 2026, 13:49 Фото: istockphoto.com

Петропавлда автобус қағып кеткен әйел бүйрегі мен көкбауырынан айырылды

53 жастағы әйел жаяу жүргіншілер өткелінде қағылып, ауыр халде ауруханаға жеткізілген.

Петропавлда автобус қағып кеткен 53 жастағы әйел жансақтау бөліміне түсті. Жол апаты 26 қараша күні күндіз Интернационал көшесінде болған. Қоғамдық көлікке соғылған әйел ауыр жарақат алып, дәрігерлер оның бүйрегі мен көкбауырын шұғыл түрде алып тастауға мәжбүр болды.

Алдын ала мәлімет бойынша, автобусты 62 жастағы жүргізуші басқарған. Ол жаяу жүргіншілер өткелінде әйелді қағып кеткен. Зардап шеккен адам ауыр халде, ес-түссіз күйде көпбейінді қалалық ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның бірнеше жерінен жарақат алғанын анықтады.

Олардың қатарында бас-ми жарақаты, ми соғылуы және самай сүйегінің сынуы бар. Сонымен қатар сол жақ бүйрегі мен көкбауыры жарылып, ішкі қан кету басталған, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.

Дәрігерлер бұдан бөлек, әйелдің қабырғалары мен сол жақ сирағының сүйектері бірнеше жерден сынғанын анықтады. Науқастың жағдайы шұғыл хирургиялық араласуды қажет еткен. Ота кезінде зақымданған бүйрегі мен көкбауыры алынған.

Қазір әйел жансақтау бөлімінде жатыр. Ол өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Жағдайы әлі де ауыр. Дәрігерлер қарқынды ем жүргізіп жатыр.

Жол апатына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға және жаяу жүргіншілер өткеліне жақындағанда барынша мұқият болуға шақырды.