Петропавлда аттракционда бес бала жараланды

Оқыс оқиға 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні болған, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Орталық саябақтағы әткеншек істен шығып, бес балаға алғашқы медициналық көмек қажет болған.

Аттракциондар «Мир аттракционов» ЖШС-ге қарасты. Оқиғадан кейін оның басшылығы қалыптасқан жағдайға түсінік берді.

Аттракционға келгендердің қарасы қалың болды, үлкен жүктеме артылды. «Гусеница» әткеншегінің істен шығуына жоғары ауа температурасы да әсер еткен болуы керек. Салдарынан тежегіші істен шығып, бірнеше кабина кілт тоқтаған. Балалардың денелері соғылған. Оларға бірден медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне жіберілді. Қазір әткеншек тоқтап тұр, болған оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Астана қаласынан сарапшы келіп, нақты себебін анықтайды, - делінген «Мир аттракционов» ЖШС таратқан ақпаратта.

Ойын-сауық орталығы мамандарының айтуынша, саябақтағы барлық атрракциондар жылда пайдалануға берілмес бұрын көктемде тәуелсіз зертхананың тексерісінен өтеді.

Ал зардап шеккен балалар 3 пен 12 жас аралығында.

Облыстық балалар ауруханасына бес бала қаралды, олардың екеуі жедел жәрдем көлігімен жеткізілді. Үшеуін туыстары әкелді. Барлығын амбулаторлық ем алуға жібердік, - деді емдеу мекемесінің мамандары.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы