Петропавлда 12 мың адам сенбілікке шықты

Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Петропавлда сенбілік ұйымдастырылды. Қала көшелерін тазалауға 12 мың адам шығып, 700 көшет отырғызылды.


Петропавлда қар толық еріп болған жоқ. Соған қарамастан, әр апта сайын сенбіліктер өтіп жатыр. Осы жолы таң сәріден шаһар көшелерін тазалауға 600 мекеме қызметкерлері шықты. Қаланың түкпір-түкпірінде тазалық орнатып, көшеттер отырғызды. Қызылжарлықтардың сүйікті демалыс орындарының біріне айналған Жеңіс саябағындағы сенбілікке облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, қылқан жапырақты ағаштар отырғызды. Игі істі мемелкеттік қызметшілер де жалғап, қолдарына күрек пен тырма алды.

«Бүгінгі сенбілік Халықаралық ағаш отырғызу күніне арналып отыр. Қала бойынша 700 ағаш отырғызылса, оның 50-і осы Жеңіс саябағында. Мамыр айының соңына дейін Петропавлда 3 мыңнан астам тал егіледі. Қала аумағындағы қураған ағаштар кесіліп жатыр. Үш ай бойы Қызылжардың түрлі аумақтарында тазалық сенбіліктері мен бейсенбіліктері өткізіледі. Осының барлығы бізді қоршаған ортаны тазалықта ұстауға бағытталған», - дейді Петропавл қалалық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Сенбілікке шыққан тұрғындардың дені жастар. Бірі маңайды қоқыстан тазартса, екіншілері қолдарына күрек алып, ағаш отырғызды. Сенбілікте жұмыс істеген тұрғындарға ыстық шай мен бауырсақ берілді.

«Мен бүгінгі шараға «Білім-Инновация» лицейінің атынан келдім. Бұған дейінгі сенбіліктерде достарыммен бірге 30 шыбық ектік. Бүгін де Жеңіс саябағында тазалық шарасы өтетін естіген соң келіп тұрмыз. Біз үшін қаламыздың әсемдігі мен тазалығы маңызды. Әрі Жеңіс саябағы тарихи орын. Сондықтан, Петропавлдың болашағына өз үлесімізді қосуды ұйғардық. Біз еккен ағаш басқаларға сая болатыны ойға келгенде іштей қуанасың», - дейді Әлихан Көшербаев.

 Биыл Солтүстік Қазақстан облысы бойынша 18 мың ағаш егу жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы