Петропавл тұрғыны алаяқтарға 4 миллион теңгеге алданып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Петропавлда ер адам алаяқтарға 4 миллион теңге кредит алып берген, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Олар менің жеке деректерімді айтқан соң сеніп қалдым, - дейді Петропавл тұрғыны.

Юрий Фоминых алаяқтардың құрбаны болардан бір күн бұрын оған біреулер қоңырау шалып, өздерін банк өкіліміз деп таныстырған.

Юрий бұл алаяқтардың әрекеті екенін аңғарып, телефон әңгімесін дереу доғарған. Бірақ келесі күні қоңырау соққандар әлдеқайда сенімді әрекетке көшкен. Олар ер адамның аты-жөнін, төлқұжат деректерін, отбасындағы адамдарды және жұмыс орнын да айтып берген. Біраз бұрын ер адам банктен кредит алатын кезде тап осы деректерді ұсынған.

Мен мұның барлығы өте шынайы, ал алаяқтарда мұндай дерек болмауы керек деп ойладым. Олар менің атыма 1 миллион теңге кредит рәсімдеген банк менеджерлерінің ісін әшкере ету қажет деп айтты, - дейді Юрий Фоминых.

Қала тұрғыны өзіне кредит рәсімдегендердің әрекетінен өз басын арашалап қалу мақсатында көмектесуге келіскен. Қоңырау соққандардың нұсқауы бойынша ер адам екі банктен жалпы сомасы 4 миллион теңге болатын кредит рәсімдеп, ол қаражатты алаяқтар көрсеткен есепшотқа аударған.

Юрий бұл операцияның барлығы клиенттерді алдап соққан банк менеджерлерін анықтауға көмектесетініне сенімді болған.

Юрий Фоминых келесі күні басқа банктерден кредит алуды ұсынған кезде ғана мұның барлығы айла-шарғы екенін түсінген.

Сізді алдап соғып, атыңызға кредит рәсімдеді немесе енді рәсімдегелі жатыр деген сөзге сенбеңіздер. Ең дұрысы – телефон тұтқасын қойып, әңгімені доғару керек. Олар сіздің жеке деректеріңіз немесе басқа да мәліметтерді атаса да, сенбеңіздер. Егер бәрібір күмәндансаңыз, банкке барып, мәселенің ақ-қарасын анықтап алыңыздар, - деді Петропавл полиция басқармасының басшысы Жандос Мұхатов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы