Петропавл сапаржайы жабылуы мүмкін
Солтүстік Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бұрын Петропавл автовокзалынан тәулігіне қала маңына қатынайтын және қалааралық 150 маршрут болса, бүгіндері тасымалдаушылар маршруттарын жабуға кіріскен.
Өйткені пайда жоқ. Вокзал қызметкерлерінің айтуынша, күніне 2500 адам аттанатын болса, қазір 4-5 есеге кеміген, тіпті, кей күндері 100-ге де жетпей қалады. Осыған байланысты вокзалдың жұмысшыларын да қысқартуға тура келген. Бүгінгі күні 12 бақылаушының екеуі ғана қалған, 10 кассирдің жұмысын екі адам атқарып отыр.
Вокзал жуық арада сатылмайды деп ойлаймын. Коронавирусқа қатысты жағдай тұрақталған соң, бәрі қалпына келеді. Ал Автовокзал жекеменшіктікі болғандықтан, біз оларға қаржылай қолдау көрсете алмаймыз. Бұл - заңға қайшы, – дейді облыстық Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Қанат Бейсенов.
Былтыр пандемияға байланысты жергілікті 173 тасымалдаушыға жергілікті бюджеттен 400 миллион теңге субсидия төленді. Бұл - алдыңғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Ал возалға қолдау жоқ, тек былтыр ғана коммуналдық төлемдер үшін қарызы 10 миллион теңгеге жеткен.
Пандемияға дейін Петропавл вокзалынан автобустар -150 бағытқа шығатын. Оның 8-і халықаралық, 9-ы өзге облыстарға, қалған 133 рейс жергілікті аудандар мен ауылдарға апарады. Ал бүгін маршруттардың саны 30-дан аспайды. Есесіне жергілікті такси қызметінің дәурені жүріп тұр. Жолаушылар да автобус болмағандықтан қымбат болса да, солардың қызметіне жүгінуге мәжбүр.
Жұмысы тұралап қалған кәсіпкер аумағы 1100 шаршы метр сапаржайды сатуды жөн көрген. Егер сатып алушы табылып, басқа мақсатта пайдаланатын болса, Петропавл сапаржайсыз қалуы мүмкін.