Петропавл қаласын кеңейту үшін 70 гектар орман алқабы оталады
Петропавл қаласын кеңейту үшін 70 гектар орман алқабы оталады, деп хабарлайды BAQ.KZ informburo.kz-ке сілтеме жасап.
Қала әкімдігі шығындарды өтеу ретінде республикалық бюджетке 70 млн теңгеден астам қаржы төлейді.
Ашық НҚА порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасына сәйкес, Солтүстік Қазақстан облысындағы «Кызылжар орман шаруашылығы» және «Соколовка орман шаруашылығы» коммуналдық мемлекеттік мекемелеріне қарайтын жалпы алаңы 230,1 гектар жер учаскелері елді мекендер жерлері санатына ауыстырылады. Бұл аумақтың 70 гектар бөлігін орман ағаштары алып жатыр.
Бұл учаскелер Петропавлдың аумағын ұлғайту мақсатында қала әкімдігіне берілмек.
Қаулы жобасына сәйкес, Петропавл әкімдігіне аумақты тазалау және оталған ағаштарды жоғарыда аталған екі мекемеге беру жүктеледі. Сондай-ақ, қала әкімдігі орман алқаптарын алудан туындаған 67 731 554,2 теңге орман шаруашылығы өндірісінің шығындарын және 5 805 200 теңге мөлшеріндегі сүрек шығындарын республикалық бюджетке төлейді.
Жерлерді ауыстырудың мақсаты – Cолтүстік Қазақстан облысы Петропавл каласының жер учаскесін ұлғайту және қаланың шекарасын өзгерту, – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндірме жазбасында.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 7 қарашаға дейін.