Петропавл мектебіндегі ТЖ: ІІМ қандай шаралар қолға алынғанын айтты
Бұл туралы ІІМ Күзет қызметін бақылау департаменті басқармасы бастығының орынбасары Серік Құспанов мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Журналистер қауымы ведомство өкілінен Петропавл қаласындағы жасөспірімнің замандастарына жасаған қауіпті әрекетінен соң ел мектептеріндегі қауіпсіздікті күшейтуге қатысты биліктің қандай шаралар қолданылатынын сұрады.
Серік Құспановтың айтуынша, бұл мәселе жақында Үкімет пен Президент әкімшілігі деңгейінде талқыланып, оған барлық қызығушылық танытқан орган басшылары да шақырылған.
Ол жалпы мектептегі қауіпсіздік проблемасын тек ІІМ-нің қатысуымен ғана емес, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктерін, әкімдіктер мен өзге де органдарды қамти отырып, Үкімет деңгейінде шешу қажет деп есептейді.
Бұл төтенше жағдайдың салдарымен күресіп қана қоймай, оның себептерін де жоюымыз керек. Кәмелетке толмаған жасөспірімнің психиатриялық есепте тұрғаны белгілі. Мұндай қылмысты жасауға оны интернет кеңістігінде көп, балалардың психикасына кері әсер ететін компьютерлік ойындарға әуестігі итермелеуі мүмкін, - деді Серік Құспанов.
Сондай-ақ басқарма бастығының орынбасары бүгінде мемлекеттік органдардың біршама жұмыс атқарғанын алға тартты.
Атап айтқанда, ІІМ, ТЖМ және Оқу-ағарту министрліктерімен бірігіп, білім ордаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша Жол картасы бекітілген. Оқу-ағарту министрлігі білім беру нысандарындағы антитеррорлық қорғанысты ұйымдастыру бойынша нұсқаулықты әзірлеп, бекітті. Террористік тұрғыдан осал нысандардағы жеке күзет ұйымдары тарапынан күзет қызметін көрсеткен кезде олар: қарудың, арнайы құралдың, радиобайланыстың және кем дегенде екі мобильдік шұғыл топтың, сондай-ақ орталықтандырылған бақылау пультінің болуы сынды қосымша біліктілік талаптарына сәйкесуі қажет деген түзетулер енгізілді, - деп атап өтті Күзет қызметін бақылау департаменті басқармасы бастығының орынбасары.
Еске сала кетейік, 13 ақпанда Петропавлда 9-сынып оқушысы мектепке балта мен пышақ әкеліп, үш баланы жарақаттаған болатын. Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалды.