15 Шілде 2026, 11:05 Фото: instagram.com/skopetro

Петропавл – Көкшетау тасжолындағы жантүршігерлік апаттан 8 адам зардап шекті

Жол апаты салдарынан Mazda көлігінің жүргізушісі мен Toyota Estima көлігінің жеті жолаушысы медициналық мекемелерге жеткізілді.

Солтүстік Қазақстан облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан сегіз адам зардап шекті. Өңірлік Полиция департаментінің мәліметінше, апат Петропавл – Көкшетау автожолының Астраханка ауылы маңында болған.

Mazda және Toyota Estima автокөліктері соқтығысты. Жол апаты салдарынан Mazda көлігінің жүргізушісі мен Toyota Estima көлігінің жеті жолаушысы медициналық мекемелерге жеткізілді, – деп хабарлады ведомство редакцияның сауалына берген жауабында.

Аталған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады, – деп мәлімдеді полиция.

Ведомство жүргізушілерге белгіленген жылдамдық режимін сақтауды еске салды. Сондай-ақ жолдағы және ауа райы жағдайын ескеруге кеңес берді.

Құқық қорғау органдары жүргізушілерді қарсы бағыттағы жолаққа шықпауға және көлік тізгінінде барынша мұқият болуға шақырды.

Бұған дейін Жетісу облысында адам өліміне әкелген жол апаты болған еді.