Петропавл көшелеріне 4 мыңға жуық көшет отырғызылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Петропавл көшелеріндегі ескі ағаштар кесіліп, 4 мыңға жуық көшет отырғызылмақ, деп хабарлайды қалалық әкімдік.

Биыл облыс орталығының 17 көшесіне ағаштар отырғызу жоспарланған. 4 мыңға жуық көшет егілмек. Бұл жұмыстар мамыр айының басында қолға алынады. Я.Гашек, Н.Назарбаев, Абай және тағы да басқа негізгі көшелерге қайың, терек, тал, бадам, алма секілді ағаш көшеттері отырғызылады, - дейді қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Петропавлдағы ботаникалық бақтың мамандары қалалық әкімдіктің тапсырысы бойынша екі көшедегі тал-дарақтардың жағдайын зерттеген. Олардың айтуынша, бүгінде шамамен әр төртінші ағаш ауыстыруды қажет етеді.

Рижская көшесінен М.Жұмабаев көшесіне дейін 198 ағашты есептедік. Оның 49-ын ауыстыру керек. Бұл ағаштардан келетін қауіп жоғары. Қатты дауылда құлауы мүмкін. Оларды кесіп алу керек. Орнына жөке, терек, тал, шаған, алма мен алмұрт, шетен мен долана егуді ұсындық. Бұл ағаштардан қоршаған ортаға келер пайда көп. Ауаны тазартып қана қоймай, қалаға көрік береді, - дейді ботаникалық бақтың директоры Артур Рязапов.

Петропавлдағы ағаштардың басым бөлігі жарты ғасыр бұрын отырғызылған екен. Енді олар біртіндеп ауыстырылады.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы