30 Қазан 2026, 00:57 Фото: gov/kz

Петропавл әуежайы қайта жаңғыртылады: жолаушылар ағыны 6,5 есеге артты

Петропавл қаласындағы Қызылжар халықаралық әуежайын қайта жаңғырту және оның инфрақұрылымын дамыту жоспарланып отыр. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.

Жиында әуежайдың инфрақұрылымын жаңарту, халықаралық бағыттарды дамыту, маршруттық желіні кеңейту және жолаушылар мен жүк тасымалының көлемін арттыру мәселелері талқыланды.

2025 жылы Петропавл әуежайы 132,5 мың жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл — 2021 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 6,5 есе көп. Соңғы жылдары әуежайдағы жанармай құю кешенінің жұмысы қалпына келтіріліп, түнгі рейстерді орындауға қойылған шектеулер алынып тасталған.

Алдағы уақытта ұшу-қону жолағын реконструкциялау, халықаралық әуе бағыттарын дамыту, авиациялық отынның тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету және мультимодальды логистикалық инфрақұрылым қалыптастыру көзделіп отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға жоспарланған жобаларды уақтылы іске асыру, әуежай инфрақұрылымын дамыту және өңірдің көлік қолжетімділігін арттыру жөнінде тапсырмалар берілді.