Петиция: Балаларды вакциналаудан бас тартқан ата-аналар үшін жауапкершілік енгізу
Қазақстанда баласына екпе салдырғысы келмейтін ата-аналарға қарсы петиция пайда болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Құрметті азаматтар, біз, төменде қол қойғандар, біздің қоғамда балаларды вакциналаудан бас тарту қаупі артып келе жатқанына алаңдаймыз. Коронавирус пандемиясынан кейін біз қалыпты өмірге оралғандай едік. Алайда жаңа проблемаға тап болдық. Кейбір ата-аналардың балаларына вакцина салғызғысы келмегендіктен, инфекциялар, соның ішінде қызылша ауруының күрт артқанын көріп отырмыз, - дейді петиция авторлары.
Олардың айтуынша, ешқандай себепсіз вакциналаудан бас тарту жеке отбасылардың денсаулығына ғана емес, жалпы қоғамға қауіп төндіреді.
Екпеден бас тартуға шақыратын антиваксерлер мен қоғам белсенділерінің қате насихатынан көп адамға қауіп төніп тұр. Мәселен 2021 жылы адам құқықтары бойынша еуропа соты Чехияда осындай іске қатысты шешім қабылдаған еді. Оған сәйкес міндетті вакциналау заңды және кейде демократиялық қоғамда қажет шара саналады. Бұл шешім балалар мен жалпы қоғамның денсаулығына қамқорлық жасау үшін жауапкершілікті қабылдаудың маңыздылығын көрсетеді, - деп түсіндіреді автор.
Сондықтан қол жинап жатқандар дәлелді себепсіз екпеден бас тартқан ата-аналар үшін жауапкершілікті енгізу туралы петицияны қолдауға және қосылуға шақырды.
Сондай-ақ келесідей шаралар ұсынды:
- Білім беру мекемелеріне бару үшін бала міндетті түрде екпе алуы керек. Қауіпті ауруларға қарсы вакцина алмаған балалар балабақшалар мен мектептерге жіберілмеуі тиіс.
- Ата-аналар жауапкершілігі: балаларды себепсіз вакциналаудан бас тартқан ата-аналар балаларының және айналасындағылардың денсаулығына салдары үшін жауап беруі керек.
- Антиваксерлер насихатын реттеу: ғылыми негіздемесіз вакциналаудан бас тартуға шақыратын медиа, қоғам және әлеуметтік желі белсенділерінің қызметін реттейтін заңдар қабылдау.
Петицияға мына жерде қол қоюға болады.