18 Ақпан 2026, 06:50 Фото: wikipedia/Хосе Хери

Перуде импичмент: парламент уақытша президентті қызметінен босатты

Конституцияға сәйкес, Хери сәуірдегі сайлауға қатыса алмайды.

Перу Конгресі уақытша мемлекет басшысы Хосе Хериді қызметінен босату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Шетелдік БАҚ мәліметінше, импичментті 75 депутат қолдады, 24-і қарсы дауыс берді, үшеуі қалыс қалды. Альберто Фухиморидің саяси күштері мен "Сомос Перу" партиясы соңғы сәтке дейін Хериді бірауыздан қолдаған жалғыз блоктар болды.

Barron's басылымының жазуынша, бұған дейінгі президент те импичмент нәтижесінде қызметінен кеткен. Хери бұл лауазымды қазан айынан бері атқарып келген еді. Ол парламент сыбайлас жемқорлыққа қарсы наразылықтар мен ұйымдасқан қылмысқа байланысты зорлық-зомбылықтың күшеюі аясында қызметінен шеттеткен Дина Болуартенің орнына келген болатын.

Жұма күні прокуратура мемлекет басшысы өз өкілеттігі кезеңінде тоғыз әйелді мемлекеттік қызметтерге тағайындау барысында «заңсыз ықпал етті ме» деген күдікпен тергеу басталғанын хабарлады.

Мен ешқандай қылмыс жасаған жоқпын, – деп мәлімдеді Хери жексенбі күні Перу телеарнасына берген сұхбатында.

Бұрын Конгресс төрағасы болған Хери Болуартенің өкілеттік мерзімін аяқтау үшін тағайындалған еді. Бұл мерзім шілде айында аяқталады. 12 сәуірде өтетін сайлаудан кейін елде жаңа президент билікке келеді. Конституцияға сәйкес, Хери сәуірдегі сайлауға қатыса алмайды.