Перуашев және оның жақтастары Мәжілісте дауыс бермей қарсылық танытты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары «Техникалық реттеу туралы» заңына дауыс беруден бас тартты.

Бүгін Мәжіліске осы заң жобасын ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов таныстырған болатын. 

Депутат Азат Перуашев министрліктің заң жобасын дайындауда немқұрайлыққа салынғанын айтты.

Үкімет талаптарға сәйкес келмейтін өнімдердің 70%-ы нарықта айналымда жүргенін, алайда жаңадан әзірленген заң жобасы олардың үлесін бес жыл ішінде 30%-ға дейін төмендетуге септігін тигізетінін мәлімдеді. 

Біздің «Ақ жол» фракциясы сегіз жылдан астам уақыт бойы осы мәселені көтеріп келе жатыр. Сонау 2014 жылы фракцияның бастамасымен Мәжілістің экономика және өңірлік даму комитеті Үкіметке осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар жіберген. Сол кезде Үкімет проблеманың өзектілігімен келісіп, заң жобасын әзірлеуге уәде еткен. Бірқатар кездесу өткізіп, онда мәселенің өзектілігімен келісіп, уәкілетті органға заңды әзірлеуді қолға алуды тапсырды, - дейді Перуашев.  
Оның айтуынша, бұл құжатты күтпестен, 2017 жылы «Ақ жол» фракциясы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Үкіметке заң жобасының тұжырымдамасын жолдаған. Алайда Сауда және интеграция министрлігі депутаттардың ұсыныстарын назарға алмаған.
Біздің ойымызша, Сауда және интеграция министрлігі осы саладағы жүйелі проблемаларға сол күйі назар аудармады. Олар ведомстволық процедураларды қайталап жазып шықты. Министрлік тұтас бір парламенттік фракцияның пікірімен санаспай отыр. Министр мырзаның өзіне бірнеше рет ұсыныстарымызды жібергенбіз. Президент «еститін мемлекет» құрамыз деп отыр. Ал мына жағдайда бәрі керсінше болып тұр. Біз жұмыс тобы мен комитет үлкен шаруа атқарғанын түсініп отырмыз. Бірақ осы айтылғанды ескеріп, бұл заң жобасын қолдай алмаймыз. Сол себепті «Ақ жол» дауыс беру кезінде қалыс қалады, - деді депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы