Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге ақша аударған компания өкілі мәлімдеме жасады

Перизат Қайрат ісі бойынша сот процесінде қайырылымдылық қорына қомақты ақша аударған азаматтар жауап беріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

"Стройконструкции" АҚ өкілі Галина Исаеваның айтуынша, 2024 жылы елді жайлаған су тасқыны кезінде кәсіпорын Перизат Қайрат басқаратын қорға 200 миллион теңге аударған. Бұл шешім қордың әлеуметтік желілердегі оң имиджі мен жарнамалық бейнероликтеріне сеніп қабылданған.

Біз бұл қорды жарнама арқылы көрдік. Содан кейін қолдау көрсетуге шешім қабылдадық. Жеке өзіміз бұл қормен байланыс орнатқан жоқпыз, жай ғана жобаның ашықтығына және мақсатына сендік, – дейді Исаева.

Куәгер Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваны жеке танымайтынын, қор туралы ақпаратты тек ашық дереккөздер мен әлеуметтік желілерден алғанын жеткізді.

Сот залында қорға аударылған қаражаттың тағдырына неге кейін қызығушылық танытпағаны жөнінде сұралғанда, Исаева:

Біз хабарласып, сұраған жоқпыз. Себебі қайырымдылық қорларының есеп беруге міндетті екенін білдік. 2025 жылдың наурызында есеп жарияланады деп күттік. Бірақ ешқандай ақпаратты көрмедік, – деп жауап берді.

Компания 200 миллион теңге көлемінде азаматтық талап арыз беріп, толық өтемақы өндіруді талап етіп отыр.

Талапты толық қолдаймыз. Айыпталушылар кінәлі деп танылса, қаражатты өндіріп беруді сұраймыз, – дейді компания өкілі.

Тағы бір құрылыс компаниясының атқарушы директоры Олжас Алпысбаев Перизат Қайрат құрған қорға бір млн теңге аударған.

2024 жылы 12 сәуірде компания басшысы хабарласып, қорға көмек беру керек деді. Кейін қорға аударып жібердім, - дейді ол.

Ол қайырылымдылық қор жөнінде әлеуметтік желілерден білгенін және басшылықтың айтқанын орындағанын айтады.

Қазіргі уақытта сот процесі жалғасуда.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Insta: Perizat Kairat
Өзгелердің жаңалығы