Перизат Қайраттың біліміне қатысты тың дерек айтылды

“BizBirgemiz Qazaqstan 2030” қайырымдылық қорын басқарған Перизат Қайраттың біліміне қатысты ресми мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тергеу деректеріне сәйкес, Перизат Қайраттың 9-сыныпты аяқтағаны туралы аттестаты ғана бар.

2006 жылы ол Маңғыстау өнер колледжінің хор дирижерлігі бөліміне оқуға түскен.

2007 жылы келесі курсқа көшу туралы бұйрық шығарылған. Істе емтихан парақтары мен медициналық анықтама да тіркелген. Алайда Қайрат колледжді аяқтағаны жөнінде диплом алмаған, – деп оқыды прокурор сот залында.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы