Перизат Қайрат жиналған ақшаға қандай VIP-нөмірлер тағып, қымбат көліктер алғаны белгілі болды

Перизат Қайрат пен Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысында қайырымдылық ретінде жиналған қаражаттың мақсатсыз жұмсалғаны туралы жаңа мәліметтер жария етілді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қылмыстық істің бір томындағы тізімге сәйкес, Перизат Қайрат үш беделді мемлекеттік тіркеу нөмірін сатып алған:

100 PKO 01, 777 KPK 01, 111 KPK 01.

Бұл нөмірлерді сатып алғанын растайтын құжаттар мен банк түбіртектері іс материалдарына тіркелген.

Тергеу мәліметінше, Перизат Қайрат Mercedes-Benz S450, Lexus LX 600 және Haval H6 GT маркалы люкс көліктерді иеленген. Бұл көліктер қайырымдылық қаржысына сатып алынған болуы мүмкін.

Ақша неге жұмсалған?

Бұған дейін прокурорлар Перизат Қайрат басшылық еткен "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық қоры су тасқынынан зардап шеккендерге көмек пен оңалту орталығының құрылысы үшін ірі көлемде қаражат жинағанын мәлімдеген. Алайда тергеу мәліметі бойынша, бұл қаражаттар нақты мақсаттарға емес, жеке қажеттіліктерге жұмсалған: көлік, элиталы мүлік және VIP-нөмірлер сатып алуға.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде  Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы