Перизат Қайрат сотта 30 млн теңгенің көлігін сатқан әйелді танымады
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайрат пен Гайни Алашбаеваға қатысты сот процесінде Перизат Қайрат куәгер Екатерина Юхатованы танымайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сотта жауап берген куәгер Екатерина Юхатова 30 млн теңгеге машина сатқанын айтты.
2023 жылдың қарашасында мен Kolesa.kz сайтында Mercedes көлігін сатуға хабарландыру бердім. 2023 жылдың желтоқсанында Перизат маған хабарласып, біз Алматыда кездестік, мен оған көлікті көрсеттім. Ол машинаны ұнатып, бірден сатып алуға шешім қабылдады. Көлік сатылғаны расталғаннан кейін ақша менің Kaspi Bank шотыма түсті. Сосын мен көлікті Перизат Қайратқа тапсырдым, - деді Екатерина Юхатова сотта.
Алайда сотта Перизат Қайрат куәгерді бүгін алғаш рет көріп отырғанын, оны танымайтынын жеткізді.
Мен бұл әйелді бірінші рет көріп отырмын, телефонымдағы барлық хат-хабар мен қоңыраулар сақталған. Барлық хат пен қоңырау ер адаммен болды. Мен оны ешқашан көрген емеспін. Неге ол алдап отыр? - деді айыпталушы Перизат Қайрат сотта.
Бүгін "Asar-Ume" қайырымдылық қоры Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударып, бірақ есебін алмағаны белгілі болды.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.