Перизат Қайрат қандай мүлкінен айырылды?

Перизат Қайрат пен анасы Ғайни Алашбаеваның жымқырған қаражатына сатып алған мүліктер тәркіленеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Сот үкімімен Перизат Қайраттан келесідей мүліктер тәркіленді:

  • Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй;
  • Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold, Көк Жайлау тұрғын үй кешендеріндегі пәтерлер мен оларға тиесілі тұрақ орындары;
  • Премиум санаттағы көліктер: Mercedes-Benz S450 (2024 жылғы),
  • Lexus LX 600 (2024 жылғы),
  • Mercedes-Benz EQE 500 4Matic (2023 жылғы),
  • Haval H6 GT (2024 жылғы);
  • Rebel Flowers ЖШС-нің жарғылық капиталындағы 100% үлесі;
  • 97 миллион теңгеден астам және 22 мың АҚШ доллары.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген. 

Тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.

Тергеу мәліметінше, "BizBirgemiz Qazaqstan 2030" қорына азаматтар өз еркімен 30 мыңнан 200 миллион теңгеге дейін қаражат аударған. Олардың ішінде Kaspi Bank тарапынан аударылған 620 миллион теңге де бар.

Астанада өткен 23 шілдедегі сот отырысында прокурор садақадан сән-салтанатқа өткен Перизат Қайраттың әрекетін атап өтті. Сот процесінде мемлекеттік айыптаушы Перизат Қайратқа 10 жыл, анасы Алашбаеваға 8 жыл түрме жазасын сұрады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы