Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме және мерзімінен бұрын босатыла ма?

ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Абай Қайырбеков Перизат Қайраттың колониядағы жұмысы мен шартты түрде босатылу мәселесі туралы айтты. Оның айтуынша, шешімді тек сот қабылдайды, ал жұмысқа орналасу бос орын мен кәсіби дағдысына байланысты болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, шартты түрде мерзімінен бұрын босату (ШМББ) туралы шешім тек сотталған адамның өзі немесе оның өкілі өтініш жасағаннан кейін, сот барлық материалдарды қарап шыққан соң ғана қабылданады.

Шартты түрде мерзімінен бұрын босату мәселелері – соттың құзыретінде. Егер сотталған адам немесе оның өкілдері өтініш берсе, мұндай материалдар бойынша шешімді тек сот қабылдайды, – деді Қайырбеков.

Перизат Қайраттың колониядағы алдағы жұмысына қатысты Қайырбеков оның еңбекке орналасуы бос жұмыс орындарының бар-жоғына және сотталған адамның кәсіби дағдыларына байланысты болатынын атап өтті.

Біз оның қабілеттерін қараймыз, егер сәйкес бос орындар болса, жұмыс ұсынуымыз мүмкін. Бұл тігін цехы, шаруашылық бөлімі немесе мекеме ішіндегі басқа да жұмыстар болуы ықтимал, – деді Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің басшысы.

Сонымен қатар ол сотталғандардың еңбекақысы ең төменгі жалақы мөлшерінен кем болмайтынын нақтылады.

Перизат Қайраттың жәбірленушілер алдындағы миллиардтаған берешегіне қатысты сұраққа жауап берген Абай Қайырбеков, сотталғандарды жұмысқа орналастыру – келтірілген залалды өтеудің бір тетігі екенін айтты. Алайда нақты төлем көлемі мен мерзімі оның табысына және істелген жұмыстың көлеміне байланысты болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайрат 10 жылға, ал анасы 7 жылға сотталды.

Бас прокуратураның мәліметінше, қайырымдылық желеуімен Перизат Қайрат пен анасы 3,5 млрд теңгені заңсыз иемденген.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат пен анасы 51 адамға 1,5 млрд теңге өтеуге міндеттелді.

Еске салайық, 2025 жылғы 24 қыркүйекте Перизат Қайрат пен оның анасының ісі сотта қайта қаралды.

Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға шыққан үкім апелляциялық сатыда қаралып жатқан сот отырысында сотталушы тараптың адвокаты Асланбек Дәулетияров бірінші сатыдағы үкімнің күшін жоюды, сонымен қатар тәркіленген зергерлік бұйымдар мен қымбат заттарды айғақ ретінде есепке алмауды сұрады.

Сот отырысында блогер Олжас Садық сотталушының адвокаты Асланбек Дәулетияровтың айтқан сөзін жоққа шығарып, Перизат Қайрат бренд заттарын Дубайда оның көзінше сатып алғанын алға тартты.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы