Перизат Қайрат кім

Еріктілер қозғалысының белсендісі және қоғамдық қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайрат бүгін қомақты қаражат жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

ҚМА мәліметінше, ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктеліп отыр.

Перизат Қайрат 32 жаста, ол ақтөбелік. Перизат Астанаға 2015 жылы көшіп келген.

Перизат Қайрат бизнес менеджменті мамандығы бойынша Ноттингем университетінің түлегі.

Ол 2016 жылдан бастап БАӘ-де тұрып, Абу-Дабидегі әртүрлі компанияларда, кейін Қазақстанға оралып, әкімдік, саяси партия және үкіметтік емес ұйымдар сияқты түрлі құрылымдарда жұмыс істеген.

Перизат өзін халықаралық тәжірибесі бар белсенді волонтер және Biz Birgemiz Qazaqstanқайырымдылық қорын тегін негізде басқаратын қоғам қайраткері ретінде көрсетеді.

Ол қайырымдылыққа келгені жайлы былай деген.

Волонтерлік өмірге деген көзқарасымды өзгертті. Мені мықты болуға, жақсылыққа ұмтылуға үйретті. Волонтерлік көп дос пен тәжірибе берді, - деген ол.

Қордың тарихы қалай

Biz Birgemiz” қоры 2021 жылғы 3 маусымда жалпыұлттық еріктілер қозғалысы ретінде құрылған. Қозғалыс қатарында 15 мың ерікті болды. Қордың ресми сайтында ақпаратқа сәйкес, 5000-нан астам ерікті халықтың әлеуметтік осал топтарына ауқымды атаулы көмек көрсеткен. Ал 80-нен астам ерікті Риддердегі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуге алғашқылардың бірі болып тікелей қатысқан.

Сонымен қатар елімізде 320 мыңнан астам отбасы азық-түлік себеттері мен гигиеналық жинақтарға ие болған.

Перизат Қайрат қор басшысы ретінде сайттың бірінші бетінде былай жазған.

Біз Қазақстан халқына дағдарыстар мен төтенше жағдайлар кезінде көмек пен қолдау көрсетеміз. Халықтың осал топтарының өмірін жақсарту және халықаралық көмек жобаларына қатысу арқылы әрбір адам жақсы болашақ құруға үлес қоса алатын тұрақты ортаны құруға ұмтыламыз. Бұл ерекше қажеттіліктері бар отбасыларға қолдау көрсету, табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету және әртүрлі төтенше жағдайлардан қалпына келтіруге қатысу, - делінген жазбада.

Сонымен қатар Перизат Қайрат қайырымдылық жұмысын халықаралық деңгейде де жүргізген. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында “Biz Birgemiz Qazaqstan” қайырымдылық қоры араб елдерімен меморандум аясында бірлесе жұмыс істегенін жазған.

Өкінішке қарай, соңғы 2 аптада соғыстан көз ашпаған Лебанон халқының жағдайы бір сәтте ең төменгі көрсеткішке жетті. Бүгін алғашқы гуманитарлық көмекті халықаралық волонтерлер ұжымымен бірге ұйымдастырдық. Орталық Азиядан - Қазақстан елінен тек @bizbirgemizqazaqstan қайырымдылық қоры араб елдерімен бірге арнайы меморандум аясында қызмет атқарып жатыр. Жергілікті телеарналарға сұқбат беріп те үлгердім. Газа халқына гуманитарлық көмек шекарада тұр. Бірақ, өткізу өт қиын. Соңғы 2 айда мүлдем азық-түлік өткізілмеді, - деп жазған волонтер.

Волонтерліктен федерация президентіне дейін...

28 қазан күні ҚР Пара үстел теннисі федерациясы Перизат Қайраттың федерацияның жаңа президенті болып тағайындалғанын хабарлады.

Перизат Қайрат – ерекше көшбасшы және шабыт беретін қоғам қайраткері. Ол Газа секторында гуманитарлық көмек ұйымдастыруға қол жеткізген Орталық Азиядан шыққан жалғыз волонтер болды. Сондай-ақ, 2024 жылғы жойқын су тасқыны кезінде Перизат мыңдаған отбасыға көмек көрсетіп, қиын жағдайда қалған жандарды қолдауға ауқымды көмек ұйымдастырды. Biz Birgemiz қоры аясында Перизат әлеуметтік осал топтардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған бірқатар әлеуметтік жобаларды жүзеге асырды. Оның шынайылығы, табандылығы және адамдарға деген қамқорлығы оны көпшілікке үлгі етеді, - деп жазды Instagram-дағы paratennis_kaz парақшасы.

Перизат су тасқыны кезінде қайырымдылық жұмыстары жайлы әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған.

Судан зардап шеккен жандарға, тау-қырды паналаған шалғай орналасқан, ауыл-аудан тұрғындарына киіз орнатып береміз. Яғни, 190 киіз үйді Қостанай облысына орнаттық. Енді, Атырау облысына және Батыс Қазақстан облысына. Мемлекет тарапы бәріне үй салып береді. Бірақ, оның өзіне бірнеше ай уақыт кетеді. Былтыр жер сілкінісінен кейін, Түркия еліне орнатылған киіз үй тәжірибесін, тәжірибелі волонтерларымыз өз жерімізде жүзеге асыруып жатыр, - деген еді ол.

1,5 млрд теңге...

Ол көктемгі су тасқынынан зардап шеккен азаматтарға көмектесу үшін жиналған 1,5 млрд теңгеден астам қаражатты жымқырды деп күдіктелуде.

Қайырымдылықтың негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылды. Биыл көктемде ол елордадағы автосалондарда 88 млн теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 млн теңгеге "Lexus LX-600" және 39 млн теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған. Осы кезеңде ол жалпы сомасы 600 млн теңге болатын елорданың премиум санаттағы "Akbulak Riviera", "Highvill Ishim Gold", "Көк Жайлау" ТК (тұрақ орындарын қоса алғанда), сондай-ақ "Vela Village" коттедж қалашығында жылжымайтын мүлік нысандарын сатып алған, - делінген ҚМА баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сонымен қатар, қазақстандықтардың қайырымдылыққа жіберген қаражат есебінен Перизат Қ. Дубай, Доха, Лондон және Стамбулдағы «St. Regis», «Shangri-La», «Palazzo Versace» және «Kempinski» сияқты бес жұлдызды қонақ үйлерде демалған.

Бұл елдерде ол "Cartier" және "Louis Vuitton" сияқты брендтердің қымбат аксессуарлары мен зергерлік бұйымдарды сатып алып, фешенебельді мейрамханаларға барып, яхталарды жалдаған.

Қылмыстық схеманы жүзеге асыру үшін достары мен туыстарына 8% сыйақы беріп, қордың ақшасы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Осылайша, Перизат Қайрат өзінің заңсыз әрекеттерімен еріктілер қозғалысының беделіне нұқсан келтіріп, оның ашықтық пен адалдық принциптеріне күмән келтірді және халықтың сеніп тапсырған қаражатын талан-таражға салған.

 Еске сала кетейік, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қайырымдылық қорының құрылтайшысы Перизат Қайраттың ұсталғанына қатысты пікір білдіргені туралы жазғанбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы