Перизат Қайрат ісі: Журналистер сот залынан ақпаратты тікелей тарата алмайды
Астанада волонтер Перизат Қайрат ісі бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Сабыржан Каримов БАҚ өкілдерін сот залынан шығару туралы шешім қабылдады.
Судьяның сөзінше, процессте кез келген сәтте банк құпиясына немесе құпия ақпаратқа жататын деректер жария етілуі мүмкін. Сол себепті журналистер залдан шығарылды.
Дәл қазір БАҚ өкілдері сотта ұйымдастырылған баспасөз орталығында отырысты ZOOM арқылы тікелей эфирден қарап отыр.
Бұған дейін Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот процесі жартылай ашық форматта өтетінін хабарладық.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.