Перизат Қайрат ісі: Сотта Байбектің есімі аталды
Перизат Қайратқа қатысты сот отырысында сотталушы Бауыржан Байбектің есімін бірнеше рет атады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін Астанада қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта Перизат Қайрат пен оның анасы Гайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі өтіп жатыр.
Прокурорлар Перизат Қайрат қоғамдық ұйымды тіркеу үшін құрылтайшылардың қолдары қолдан жасағанын айтты.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, қылмыстық жоспарға әлеуметтік қолдауға және материалдық көмекке мұқтаж адамдарды іздеу, сондай-ақ қайырымдылық желеуімен түрлі іс-шаралар мен аукциондар ұйымдастыру арқылы бейжай емес азаматтардан қаражат тарту кіреді.
Прокурордың мәлімдеуінше, Перизат Қайрат "Biz Birgemiz" қорының тоғыз құрылтайшысының қолдарын қолдан жасап, құжаттарды бұрмалаған.
Қоғамдық бірлестікті заңды түрде тіркеу оның қызметіне қатысты шешімдерді жеке өзі қабылдауына және жиналған қаражатты дербес басқаруына кедергі болатынын түсіне отырып, Перизат Қайрат 2021 жылғы 14 қыркүйекте Матюшенко, Магзум, Турғанбай, Аманбай, Болысов, Хисматуллин, Серікжанова, Сейтқамали және Хафиздің қолдарын қолдан жасап, құжаттарға жалған қол қойған, – деді прокурор Оразалина.
Айыпталушы Перизат Қайрат алдымен қордың құрылтайшыларын кезекпен сотқа шақыруды сұрады.
Ол “Biz Birgemiz” қорының қалай құрылғанын айтты.
Мені анаммен бірге қор құрды және қолдарды қолдан жасады деп айыптап отыр. Қор партия (Nur Otan) жанында, Бауыржан Байбектің басшылығы кезінде құрылған болатын. Құрылтайшылардың барлығы, менен басқасының кейбірі бұрынғы, кейбірі партия қызметкерлері, – деп айтты Перизат Қайрат.
Бауыржан Байбек 2022 жылға дейін Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбасары болғанын еске сала кетейік.
Бұған дейін Перизат Қайрат халықты қалай алдағаны айтылды.
Сондай-ақ сот залынан БАҚ өкілдерін шеттету туралы шешім қабылдағанын жаздық.
Тыңдау жартылай жабық режимде өтіп жатыр. Журналистер арнайы баспасөз орталығынан ақпарат таратып жатыр. Залда отыруға тек тараптарға ғана рұқсат берілді.
Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.
Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.
Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.
Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.
Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.