Бүгiн 2026, 07:49 Фото: AFP/Delil SOULEIMAN

Пентагон Иранда құрлық операциясына дайындалып жатыр

Алайда бұл толық ауқымды басып кіру емес, арнайы жасақ пен құрлық күштерінің шектеулі операцияларын қамтуы мүмкін.

АҚШ Қорғаныс министрлігі Иран аумағында бірнеше аптаға созылуы мүмкін құрлық операцияларына дайындалып жатыр. Бұл туралы The Washington Post жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Басылым деректеріне сүйенсек, Таяу Шығысқа америкалық әскер мен теңіз жаяу әскерлері жеткізіліп жатқан тұста Пентагон ықтимал әскери әрекеттер жоспарын қарастыруда. Алайда бұл толық ауқымды басып кіру емес, арнайы жасақ пен құрлық күштерінің шектеулі операцияларын қамтуы мүмкін.

Мүмкін нысандар қатарында Иранның Харк аралын бақылауға алу немесе Ормуз бұғазы маңындағы әскери инфрақұрылымды жою бар. Кей дереккөздер мұндай операциялар бірнеше аптадан бірнеше айға дейін созылуы мүмкін екенін айтады.

Сонымен қатар, мұндай қадам АҚШ күштерін зымыран және дрон шабуылдары сияқты қауіп-қатерге ұшыратуы ықтимал. Ақ үй өкілдері Пентагонның басты міндеті – президентке түрлі нұсқаларды дайындау екенін атап өтіп, әзірге нақты шешім қабылданбағанын мәлімдеді.

Еске салсақ, АҚШ пен Израиль 28 ақпаннан бері Иранға қарсы әскери операция жүргізіп келеді. Тегеран бұған жауап ретінде Израильге және Парсы шығанағындағы америкалық нысандарға соққы жасап, Ормуз бұғазы арқылы мұнай тасымалына шектеу қоюы мүмкін екенін ескерткен.