АҚШ азаматы Пентагон ғимаратының алдында көлік жармақ болды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Арканзас штатының 19 жастағы тұрғыны Пентагон ғимаратының алдындағы тұрақта біреудің Land Rover көлігін жарып жіберуге тырысқан. Бұл туралы The Washington Post жазды.
Оқиға 24 ақпанда болды.
Полиция қызметкері Пентагонның солтүстік тұрағында Арканзастан келген Мэттью Ричардсонды байқап қалады. Жас жігіт темекі тұтандырғыш арқылы матаны Land Rover көлігінің жанармай құятын багына қойған. Содан соң ол өзін және көлікті жарып жіберетінін мәлімдеген.
Көлік әскери қызметкерге тиесілі болған. Ол Ричардсонды танымайды.
Полицей күдіктіні ұстауға тырысқанда, ол Арлингтон зиратына қарай қашқан. Дегенмен, арада бір сағат өткен соң Пентагон ғимаратынан бір жарым шақырым қашықтықтан ұсталды.
Кейін Ричардсон демалыс күндері басқа бір полицейге шабуыл жасағаны белгілі болды. Ол 26 ақпанда осы іс бойынша сот алдында жауап беру керек болған.
Қазір ол қамауға алынды. Егер сот Ричардсонды кінәлі деп таныса, ол бес жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.