Пентагон Австралиядағы базада атом сүңгуірлерін орналастырмақ

Пентагон алдағы жылдары американдық атомдық сүңгуір қайықтарды Батыс Австралиядағы HMAS Stirling әскери-теңіз базасына орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы The Wall Street Journal басылымы жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

АҚШ Әскери-теңіз күштерінің контр-адмиралы Линкольн Райфстек базаға барған кезде: "Бұл географиялық орналасу Әскери-теңіз күштерінің мүмкіндіктерін күшейтіп, жауынгерлік дайындықты тез қалпына келтіруге мүмкіндік береді", – деді.

Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл жобаны Вашингтон АҚШ пен Қытай арасындағы ықтимал қақтығыс кезінде резервтік опция ретінде қарастырады. Айналмалы түрде төрт сүңгуір қайық орналастырылмақ, оның алғашқысы 2027 жылы келуі жоспарланған.

Австралия базаны жаңартуға және жөндеу кешенін салуға шамамен 5-5,6 млрд доллар инвестициялауды жоспарлап отыр. Бұл американдық сүңгуір қайықтарға операциялық аймаққа жақын қызмет көрсетіп, Гуам мен Гавайидегі АҚШ Әскери-теңіз күштерінің нысандарына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Австралия билігі қорғаныс мүмкіндіктерінің тапшылығын өтеу үшін кейбір ескірген әскери нысандарды сатуды жоспарлап отыр. Сатылатын нысандарға Сидней, Брисбен, Мельбурндағы казармалар, Спектакль аралы және Жаңа Оңтүстік Уэльстегі HMAS Penguin авиациялық базасы кіреді. Көпшілігі қанағаттанарлықсыз жағдайда деп танылып, жөндеудің экономикалық тұрғыдан тиімді еместігі айтылған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: freepik
Өзгелердің жаңалығы