Пентагон аты-жөні жарияланбаған донордан 130 млн доллар көмек алды
АҚШ-та үкімет жұмысының тоқтауына (шатдаун) байланысты Пентагон өз қызметін қолдау үшін 130 миллион доллар көлемінде анонимді қайырымдылық қабылдады, деп хабарлайды BAQ.KZ DW порталына сілтеме жасап.
Қаражат әскери қызметкерлердің жалақысын төлеуге бағытталмақ. Алайда Пентагон донордың жеке басы мен азаматтығы туралы ақпарат беруден бас тартты. Департамент ережесіне сәйкес, 10 000 доллардан асатын кез келген қайырымдылық арнайы этика комитетімен тексерілуі тиіс.
АҚШ президенті Дональд Трамп донорды жеке танитынын айтып, оны "патриот дос" деп сипаттады. Ол демократтарды шатдаунға жол беріп, мемлекеттік мекемелердің жұмысын тоқтатуға себеп болды деп айыптады.
Соған қарамастан, Politico дерегі бойынша, бұл сома барлық әскерилердің жалақысын толық жаба алмайды: тек қазан айының бірінші жартысында бұл мақсатқа шамамен 6,5 миллиард доллар қажет болған.
АҚШ-та 1 қазаннан бері үкіметтің кейбір бөлімдері бюджет бекітілмегендіктен жұмысын тоқтатқан. Бұл — Трамп билігі кезінде ел тарихындағы екінші ең ұзақ шатдаун. Алғашқысы 2018–2019 жылдары 35 күнге созылған болатын.