Пентагон: АҚШ Еуропадағы жауынгерлік топтар санын қысқартты
Сонымен қатар Пентагон Еуропадағы америкалық күштердің болашақтағы конфигурациясы АҚШ-тың стратегиялық мүдделері мен НАТО одақтастарының қорғанысқа қосатын үлесіне қарай айқындалатынын атап өтті.
АҚШ Қорғаныс министрлігі Еуропада орналасқан америкалық бригадалық жауынгерлік топтардың санын төрттен үшке дейін қысқартты. Бұл туралы Пентагонның қоғаммен байланыс жөніндегі өкілі Шон Парнелл мәлімдеді.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, шешім Еуропадағы америкалық әскери күштердің орналасуын жан-жақты талдау негізінде қабылданған. Нәтижесінде АҚШ әскери контингентінің құрылымы 2021 жылғы деңгейге қайта оралады.
Парнеллдің сөзінше, бұл өзгеріс америкалық күштердің Польшаға жоспарланған ауысуын уақытша баяулатуы мүмкін.
Сонымен қатар Пентагон Еуропадағы америкалық күштердің болашақтағы конфигурациясы АҚШ-тың стратегиялық мүдделері мен НАТО одақтастарының қорғанысқа қосатын үлесіне қарай айқындалатынын атап өтті.
Сондай-ақ АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Польша қорғаныс министрі Владислав Косиняк-Камышпен телефон арқылы сөйлесіп, Вашингтонның Польшадағы әскери қатысуды сақтауға дайын екенін жеткізген.
Пентагон өкілінің пікірінше, Польша өзін қорғауға дайын мемлекет екенін дәлелдеді, енді НАТО-ның өзге мүшелері де қорғаныс саласындағы жауапкершілікті күшейтуі тиіс.