"Педогог мәртебесі туралы" заңды іске асыруға 5 триллион 3 млрд теңге бөлінеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысы қол қойған "Педогог мәртебесі" туралы заңға қатысты пікір білдірді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Педагог мәртебесі туралы" Заңға қол қойды. Барлық ұстаздар қауымын осындай тарихи шешімнің қабылдануымен құттықтаймын! Өздеріңіз білетіндей, Президент биылғы Тамыз кеңесінде және өз Жолдауында осы Заңның шеңберінде ұстаздардың жалақысын екі есе өсіру, мұғалімдердің жүктемесін азайту, өзіне тән емес жұмыстардан босату мәселелерін қарастыруды тапсырған болатын. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың осы Заңды даярлау бойынша ұстаздардың жағдайын жақсарту, қағазбасылықтан, орынсыз есептіліктен босату және де тағы да басқа өзекті тапсырмалары толығымен қамтылды. "Педагог мәртебесі туралы" заң 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты - деп жазды ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Оның айтуына қарағанда, Заң жалпы төрт бағытты қамтиды:

Бірінші, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту;

Екінші, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту;

Үшінші, материалды емес стимул тетіктері;

Төртінші, материалдық ыңталандыру.

Сонымен қатар министр педагог жұмысын ынталандыруға бағытталған негізгі шараларға тоқталды.

- 2020 жылы жалақыны 25% өсіру, 4 жыл ішінде екі есе арттыру;
- жаңа жүйе бойынша енді балабақша, колледж педагогтері де біліктілік санаты үшін лауазымдық жалақыдан 30% бен 50% аралығында қосымша ақы алатын болады;
- педагог міндетіне жатпайтын функцияларға тартудан қорғау;
- орынсыз есептіліктен босату;
- педагогтердің балаларына тұрғылықты жері бойынша мектепке дейінгі ұйымдарға бірінші кезекте орын беру;
- тәлімгерлік үшін мектеп мұғалімдеріне әр ай сайын қосымша ақы ( 17 мың теңге) еңгізу;
- 2021 жылдан бастап мектеп мұғалімдеріне бір ставка үшін саналатын оқу жүктемесін 18 сағаттан 16 сағатқа дейін төмендету;
- ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистр дәрежесі үшін әр ай сайын мектеп ұстаздарына 10 АЕК (25,5 мың теңге) мөлшерінде үстеме ақы төлеу;
- сынып жетекшілігі және дәптер тексергені үшін төленетін ақыны екі есеге арттыру;
- біліктілік санаты үшін мектеп директорлары мен олардың орынбасарларының жалақысын 30 дан 100% ға дейін қосымша ақы төлеп арттыру;
- әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру;
- халықаралық конкурсттар мен жарыстардың жеңімпаздарын, түрлі олимпиадалармен спорттық жарыстардың лауреаттарын даярлаған педагогтерге 3 лауазымдық жалақыға дейін біржолғы сыйақы төлеу;
- "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" мемлекеттік марапат тағайындай және иегерлеріне 1000 АЕК мөлшерінде біржолғы сыйақы төлеу.
- 42 күн демалатын педагогтердің демалыс уақытын 56 күнге ұзарту;
Таға да басқа жаңа бастамалар қарастырылды.

Ең бастысы Заң қаржымен толығымен қамтамасыз етілді. Жалпы, 2024 жылға дейін 5 триллион 3 миллиард теңге осы нормаларды жүзеге асыру үшін бюджеттен бөлінеді. Бұдан басқа, ілеспе заңда ата-ананың жауапкершілігін арттыру, бала құқығын қорғау, ұстаздарға әдепсіз мінез-құлық көрсеткені үшін, орынсыз есептілік, қағазбасылық, заңсыз тексерістер үшін нақты санкциялар, яғни айыппұлдар қарастырылды. Ендігі кезекте, Заң талаптарының орындалуы барысында қоғам болып белсенділік танытуымыз керек. Еліміздегі мұғалімдердің беделін, абыройын арттыруға үлкен мүмкіндік беретін жаңа Заң ұстаздарымыздың мерейін өсіріп, мәртебесін арттыра түсетініне сенімдімін. Министірлік Заңның орындалуын тікелей бақылауында ұстайды. Жалпы, аталмыш Заң білім сапасының артуына тікелей әсер ететін болады - деді министр.

Естеріңізге сала кетейік, "Педогог мәртебесі туралы" заңға кеше Мемлекет басшысы қол қойған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы