Педофилге әділ жаза бермеген судьяның тағдырын Сот жюриі шешетін болды
Жоғары сот кеңесі Түркістанда 5 жасар қызды зорлап өлтірген педофилге жеңіл жаза тағайындаған сот төрағасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ кеңестің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін БАҚ беттерінде түркістандық педофилге жеңіл жаза берген сот төрағасының бұрынғы лауазымына қайтып тағайындалғаны жөнінде ақпарат тарады. Көптеген жарияланымдардың шығуына байланысты Жоғары Сот Кеңесі осы мәселеге түсініктеме беруді жөн көреді.
Түркістан облысы Сарыағаш аудандық сотының төрағасы Н.Б. Шетеновтің берген өтінішіне сәйкес ол 2023 жылы 6 қазанда осы соттың судьясы болып қалдырыла отырып, төраға қызметінен босатылды. Қылмыстық істі қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін Н.Б. Шетеновті тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы тәртіптік іс Сот жюриінің қарауында. Тәртіптік іс бойынша шешім Сот жюриі отырысының қорытындылары бойынша қабылданатын болады, - делінген хабарламада.
Еске салсақ, 13 шілдеде Сарыағашта ауласында ойнап жүріп жоғалып кеткен 5 жастағы бүлдіршіннің өлі денесі ауылдасының үйінен табылғаны хабарланды.
Белгілі болғандай, ауылдасы оны зорлап, кейіннен өлтіріп тастаған.
Кейіннен педофилдің бұрын сотты болғаны анықталды. Соңғы рет ол ауылдасымен бірге ішіп, арты төбелеске ұласып, оны балтамен ұрып, денсаулығына айтарлықтай зиян келтірген. Осыған қарамастан сот бұл жайтты жеңіл қылмыс санап, қылмыскерді қамамай бостандыққа жіберген. Осы дерек көпшілікке белгілі болғаннан кейін педофилге лайықты жаза кеспеген судья қызметінен кеткен еді.
7 қыркүйекте түркістандық педофилге жаза кесілді.