Облыс әкімі Маңғыстаудағы даладағы дәретханалар мен педофилдікке қатысты пікір білдірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов өңірдегі педофилдік мәселесіне қатысты журналист сұрағына жауап берді.
Соңғы 5 жылда Маңғыстау облысында 44 педофил ұсталды. Бұл азаматтар қайдан пайда болады? Жергілікті тұрғындарға қауіп бар ма? Бұл мәселемен қалай күресесіз? - деп сұрады журналист әкімнен.
Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов журналист сұрағына жауап берді.
Шынында бұл күрделі мәселе. Бұл жөнінде тиісті құқық қорғау органдары шаруаларын жүргізіп жатыр. Өте қиын. Алдын ала анықтауға байланысты. Бірақ соңғы кездері оларды байқап, қадағалау үшін қалада бірнеше видео камералар орнатылды. Соңғы кездің өзінде мемлекеттік жеке-меншік әріптестік арқылы біз 600 бейне-бақылау камерасын орнаттық. Бұл да осындай қылмыстардың алдын алуға мүмкіндіктер береді деген үміттемін. Соңғы фактіге байланысты осы камераның арқасында осындай мәселеге жол берілмеуге мүмкіндік болды. Әрине бұл біздің қоғам болып күресетін мәселелердің бірі. Сондықтан біздің күнделікті бақылауымызда болады, - деді облыс әкімі.
Елордада өткен баспасөз мәслихатында журналистер тағы бір өзекті мәселені қозғады.
Біздегі мәліметке сәйкес, Маңғыстау облысында 42 мектепте туалет сыртта орналасыпты. Жақында білім және ғылым министрі мұндай дәретханаларды еліміз бойынша жабу қажеттігін айтқан. Бұл мәселеге қатысты пікір білдіре аласыз ба? Мұдай дәретханаларға су жіберу қиын ба? Сондай-ақ, мектеп пен балабақшадағы балалардың қауіпсіздігіне қалай жауап бересіз? - деді журналист.
Журналистің сауалына жауап берген әкім жалпы Маңғыстау өңірінде 145 мектеп барына, яғни өңірдегі 5 аудан, 2 қала үшін бұл мәселе өзекті емес екеніне тоқталды.
Ақтау мен Жаңаөзен қаласы бойынша. Аудандарға байланысты. Менің есебім бойынша 36 мектепте дәретхана сыртта орналасқан. Әрине, тапсырма бар. Біз алдағы уақытта тиісті қаражатты бөліп, осы дәретханаларды мектептің ішіне орналастыру бойынша жұмыс жүргіземіз. Жобалық-сметалық құжаттарын жасақтап, мүмкін кейбіреулерін тезірек шешу мақсатында демеушілердің көмегіне жүгінеміз. Кейбіреулерін тиісті жергілікті бюджеттен салып, осы жұмыстарды жасайтын боламыз. Әрине, бұл мәселе бүкіл ел бойынша көтерілді. Кейбір өңірлерге қарағанда Маңғыстау өңірінде өте қиын біраз жылға созылып кететін шаруа деп есептемейміз. Бұл мәселені шешуге толық мүмкіндік бар. Алдағы жұмыстарымызды жоспарға алып, мәселелерді шешуге жұмыс жасайтын боламыз, - деді Серікбай Тұрымов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Катонқарағай тұрғындары қысқа мерзімдік курстан өтті
Өзгелердің жаңалығы