Педиатрия орталығында 40-тан астам балаға күрделі ота жасалды

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасында жыл сайын остеосаркомамен шамамен 15 жасөспірім ауырады. Бұл туралы "Педиатрия және балалар хирургиясы  ғылыми орталығы" хабарлады.

Аталған орталықта  балалардағы остеосаркомалар кезінде ірі буындарды эндопротездеу бойынша бірегей операциялар жасалады. Остеосаркома – сүйектің сирек кездесетін қатерлі ісігі. Қатерлі дерт көбіне 10 жастан асқан балаларда жиі кездеседі. Барлық остеосаркоманың 50%-дан астамы тізе буынына жақын орналасады.

Соңғы жылдары сүйек ісіктері кезінде жоғары мөлшерлі химиотерапияны енгізу арқасында басқа органдарға метастазданудың төмендеуі және өміршеңдік артқан. Бұл көптеген жағдайларда (90%-дан астам) зақымданған аяқтарды сақтауға мүмкіндік береді. Яғни, осы аталған патологиясы бар балаларға кейбір асқынған жағдайларды қоспағанда, аяқ-қолдарды іс жүзінде ампутацияламайды. Остеосаркомамен емдеудің жаңа әдістерін енгізу тиімділіктің әлемдік нәтижелеріне жақындауға мүмкіндік береді.
Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балалар мен жасөспірімдердің сүйек саркомасы кезінде эндопротездерді қолдану арқылы аяқ-қолдарды сақтап қалу бойынша ота жасау 2012 жылдан бері жүргізіледі.  Орталықтың заманауи модульдік эндопротездерді сатып алу мүмкіндігінің және қарқынды жоғары мөлшерлі химиотерапияны қолданудың арқасында органсақтаушы оталарды жасаудың мүмкіндігі артты, сондай-ақ балалардағы остеосаркоманы біріктіріп емдеу нәтижелері де жақсарды. Қазіргі таңда хирургиялық емдеудің осы түрі остеосаркомаға шалдыққан балалардың 90%-дан астамына жасалынады, ол өз кезегінде баланың әлеуметтік бейімделуі мен оның өмір сүру сапасының жақсаруына мүмкіндік береді - дейді онкохирург, жоғары санатты дәрігер Бахрам Жұмаділлаев. 
Аяқ-қолды сақтай отырып емдеу аяқталғаннан кейін жалпы сауығып кету жағдайлары елімізде 70%-ды құрайды. Бұл нәтиже остеосаркоманы зерттеу жөніндегі халықаралық мультиорталықтар нәтижесінің деректерімен сай келеді.

Соңғы 5 жыл ішінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ірі буындарды эндопротездей отырып (тізе, иық, жамбас) остеосаркома кезінде 45 орган сақтау операциялары орындалған. Бірегей операциялардың нәтижесінде балалардың аяқ-қолдары сақталып қана қоймай, олардың өмір сүру сапасы да жақсарған. Бүгінгі күні олар өздерінің құрбы-құрдастарымен қатар деңгейде мектепке барып, университетте оқып, түрлі қызметте жұмыс істейді. Тіпті, спортпен айналысып, жаттығу залдарына, бассейндерге барып белсенді өмір сүруде.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы