Педиатр бала емізетін әйелдерге сүтті көбейтудің 5 жолын айтып берді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жалпы тәжірибелі дәрігер, қазақстандық педиатр Әсия Ибрахимқызы жас босанған әйелдерді жиі мазалайтын, бала емізуге, сүт аздыққа қатысты проблемалар туралы айтып, бірнеше пайдалы кеңес берді.
Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Педиатр бала емізудегі қателік қай кезден басталатынын түсіндірді.
Сүтім аз, сосын смесь бердім. Қазір енді балам мүлдем ембейді. Менің емізгім келеді. Не істеймін? деген сауалдар жиі қойылады. Негізі әр түрлі себептен сүт азаюы мүмкін. Бірақ ең жиі кезедесетінін айтайын. Бала алғашқы 1 айда көп уақытын ұйқымен өткізеді (егер ештеңе мазаламаса, мысалы, іші ауырмаса). Бала ұйықтай бергендіктен, көп ембейді. Ал бұл уақытта анада сүт көп бөлінеді, омырау толады, кейбіреулерде лактостаз болады (қатаяды). Осы кезден қателік басталады. Баланы емізбегесін, сүт бірте-бірте за бөліне бастайды. Ал бала 1-2 айдан өткесін енді белсенді емгісі келеді, қарны ашады. Анасында сүт азайғандықтан, енді бала тоймайды. Содан анасы смесь беріп бастайды. Бала бөтелкеге бір үйренсе, омырау емгісі келмейді. Себебі бөтелкенің тесігі үлкен, одан сүт сору оңайырақ. Содан емізуден қаласыз, - дейді ол.
Ол бұны болдырмау үшін не істеу керегін айтты.
Алғашқы айда бала ұйықтай берсе, өзіміз тұрғызып, оятып еміземіз. Көп ембесе, артығын сауып тастаймыз. Егер тіпті тұрмай емгісі келмесе, толған сүттің бәрін сауып тастаймыз. Яғни сүт шығып жатқасын, сүт бездеріне тағы да сүт керек деген сигнал барып, сүт жақсы шығып тұрады. Сүт азаймайды. Содан бала үлкейіп, өзі жақсы еметін кезде, сауып отырудың қажеті жоқ. Бала қарны да тояды, - дейді педиатр.
Әсия Ибрахимқызы сүті әлдеқашан азайып қалғандар не істеуі керегін түсіндірді.
Балаңызды жиі емізіңіз. Қайта-қайта емізе беріңіз. Егер ұзақ еміп ұйықтайтын болса, тіпті жақсы. Сонда сүт бездеріне стимул болады да, сүт көбірек бөлінеді. Сонымен қатар толыққанды жақсы тамақтану керек, суды (кәдімгі таза су) нормамен күнде ішу керек, стресс болмауға тырысу керек (бұл да сүт азаюына әкеледі), ұйқы тыныш болу керек. Бұдан бөлек, ең бастысы, «менде сүт аз, сүтім сұйық, құнары жоқ» деген мидағы жаман ойларды лақтырып тастаңыз. Не ойласаңыз, сол болады. Сол үшін жақсы ойлаңыз. Осы кеңестерді жасап көріңіздер. Емізген тек балаға емес, өзіңізге де пайдалы екенін ұмытпаңыз! Керісінше, емізбеген денсаулыққа зиянды, - деп қорытындылады ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ұландықтар Нұр-Сұлтанда өзенге секірген қызды құтқарды
Өзгелердің жаңалығы