Педагогтік әдеп жөніндегі кеңес қандай мәселені шешеді?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Нұр-Сұлтан қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бағым Көптілеуова «Педагог мәртебесі туралы» Заң нормаларының іске асырылуы» тақырыбында өткен брифингте Педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы туралы айтып берді.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның нормаларын жүзеге асыруда елорда педагогтерінің құқықтарының қорғалуын, педагогтік әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылы тамыздан бастап Департамент базасында министрдің бастамасымен Педагогтік әдеп жөніндегі кеңес құрылды.
Маман брифингте осы кеңестің атқарылған жұмыстары жайында баяндап берді.
Департамент жанынан құрылған қалалық кеңес балабақша, мектеп, колледж басшылары, лауазымды адамдардың және өзге де адамдардың заң нормаларын сақтау мәселесін қарайды. Ұжымға, басшыға және әрбір білім беру ұйымындағы Педагогтік әдеп жөніндегі кеңестің төрағаларына әдістемелік, консультативтік көмек көрсетеді. Сонымен қатар заң нормалары мен педагогтік әдеп қағидаларын бұзудың алдын алу шарасы бойынша ұсыныстар әзірлейді, - деді ол.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның 16-бабына сәйкес осы оқу жылында елорданың барлық білім беру мекемесінде Педагогтік әдеп жөніндегі кеңес құрылды.
Балабақша, мектеп, колледжде құрылған ұйымдық кеңестер өздерінің ережесін мектеп басшысының бұйрығымен бекітті. Сондай-ақ жұмыс жоспарын бекітіп, жұмыстарын бастап кетті. Кеңесте қаралған шағымдардың нәтижесінде ұйымдық кеңес өзінің ұсынысын білім беру ұйымының басшысына береді, - деп түсіндірді Бағым Көптілеуова.
Ол қалалық кеңестің жұмысына да тоқталды.
Қалалық кеңес жұмысын ең алдымен ұйымдық кеңестің төрағаларын, ұжымды, басшыларды өзінің жұмыс кестесімен, ережесімен және отырыстар кестесімен таныстырады. Одан бөлек, «Педагог үні» атты ашық диалог форматында ұйымдық кеңестің төрағалары ұжымды жаңадан келген мұғалімдермен, ұжымдағы жас мамандармен педагогтік әдеп нормаларын сақтау туралы онлайн-офлайн кездесулер өткізді, - деді басшы.
Оның сөзінше, балабақша немесе мектептің, колледждің мұғалімдері шағымдарын өзінің жұмыс істейтін ұйымындағы Педагогтік әдеп жөніндегі кеңеске жолдамай, бірден қалалық кеңеске жүгінеді.