Педагогтерге арналған республикалық конкурс басталды
«Педагогикалық идеялар панорамасы-2023» республикалық конкурсы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарына арналған «Педагогикалық идеялар панорамасы-2023» республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер конкурсына жұмыстарды қабылдау басталды. Конкурс мақсаты – пәнаралық негізде білім алушылардың ерте/ функционалдық сауаттылығын дамыту саласында педагогтердің өзара іс-қимылының заманауи педагогикалық тәжірибесі мен үздік практикаларын жалпылау және танымал ету.
«Педагогикалық идеялар панорамасы» әрбір қазақстандық педагогке 12 бағыттың бірі бойынша (ерте сауаттылық (мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу), оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, цифрлық сауаттылық, медиа-ақпараттық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, денсаулық сақтау сауаттылығы (медициналық сауаттылық), әлеуметтік-эмоционалды сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық) бейнематериал түрінде өзінің авторлық әзірлемесін ұсынуға мүмкіндік береді. Конкурсқа жеке немесе авторлық топта қатысуға болады (топтағы қатысушылар саны 3 адамнан аспауы тиіс).
Бейнематериалдардың келесі түрлері қабылданады: дәріс, сабақ, практикалық немесе зертханалық жұмыс, семинар, мастер-класс, цифрлық білім беру ресурсы және бейнеподкаст. Жұмыстар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылуы мүмкін. Конкурс қатысушылары ұсынатын бейнематериалдардың саны шектеулі. Бір педагог немесе бір авторлық топ тек бір бағытқа қатысуға өтінім беріп, бір бейнематериал жібере алады. Конкурс жұмыстары 7 критерий бойынша бағаланады: бейнересурстың өзектілігі, дәлелділігі, пәнаралық интеграция, әдістемелік құндылық, инновациялылық, сөйлеу мәдениеті мен шешендік шеберлік, аудио/бейнеқатар беру сапасы.
12 бағыттың әрқайсысында бір бірінші орын, екі екінші орын және үш үшінші орын беріледі. Өңірлік және республикалық кезеңдердің барлық қатысушылары қатысу сертификаттарымен немесе 1, 2, 3 дәрежелі жеңімпаздардың дипломдарымен марапатталады. YouTube-те ең көп қаралған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша мадақтау сертификаты қарастырылған. Конкурстың барлық марапаттау құжаттары Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы 2022 жылғы 17 тамыздағы № 371 бұйрығына сәйкес аттестаттау кезінде біліктілік санатын беру мен растауда ескеріледі.
Конкурстың өңірлік кезеңіне қатысуға өтінімдер https://ppi.orleu-edu.kz сайтында қазан айының 10-на дейін қабылданады. Қосымша ақпаратты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының филиалдарында алуға болады.