Педагогикадан хабары жоқ адам сабақ береді – депутат

Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин жекеменшік балабақшаларды лицензиялау керегін айтып, балалардың қауіпсіздігі басты назарда тұруы керегін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазір кім көрінген балабақша ашып алды. Психология мен педагогикадан хабары жоқ адам сабақ береді, тәрбие береді. Сол себепті бірінші кезекте айтып жатқан мәселе – лицензиялау. Бизнесті қорғаймыз деп баланың қауіпсіздігін ысырып қоюға болмайды. Баланың тәрбиесі мен денсаулығы бизнес емес, оны қоюымыз керек. Үкімет жылына миллиардтаған қаржы бөліп жатыр. Оның нәтижесі – баласы таяқ жейді, дұрыс тамақтанбайды, балабақшадан ауырып келеді. Сондықтан лицензиялау мәселесін тездетіп енгізуіміз керек. Ешкімге қарамау керек, - деді Мәжіліс депутаты.

Ол мемлекеттік мүдде бірінші кезекте болу керектігін, содан кейін ғана кәсіпкерлік екенін алға тартты. 

Адамның құқығы балабақшадан бастап қорғалуы керек. Лицензияны енгізу керек. Жекеменшік балабақшалар шулайды деп лицензияны кіргізбеуіміз керек пе? Олар кім соншама? Мемлекеттің барлық мүддесін ұстап отырған кәсіпкерлер ме? Олай емес, - деді Еділ Жаңбыршин Мәжілісте.

Айтуынша, жаңалықтарда балаларға қатысты зорлық-зомбылықтар жиі көрсетіледі.

Бұл тоқтайтын емес. Осыған орай мен және әріптестерім білім беру ұйымдарын лицензиялау дейтін мәселені ұсынған еді. Бірақ Үкімет біздің бастамамызды қолдамады. Олардың негізгі уәжі – бұл балаларды оқыту мен қамтудың төмендеуіне әкеледі. Өйткені біз лицензиялайтын болсақ, олар арнайы талаптарға сәйкес болуы керек. Енді біз балалардың құқығын былай ысырып қойып, бизнесті қолдауымыз керек пе? Білім беретін ұйымдарда кім сапалы білім мен тәрбие беріп жатыр? Олар не ішіп-жеп жатыр? Ата-аналарға балаларының қандай жағдайда тәрбиеленіп жатқаны маңызды деп ойлаймын. Сондықтан, Ғани Бектайұлы, неліктен Үкімет осы лицензиялау мәселесіне қолдау білдірмеді? Негізгі себептері қандай? - деп сұрады мәжілісмен.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігі маңызды екенін жасырмады.

Бұл бағытта үлкен шаралар қабылданғанын айта өткім келеді. Бұған дейінгі талаптардың барлығында осы балабақшаларға қатысты тәртіп күшейтілді. Оның бәрі лицензияның тәртібіне дейін көтерілді. Бірақ бүгінде бұл мәселеге келу үшін балаларды балабақшамен қамту мәселесінде жекеменшік мекемелердің үлкен рөл атқарып отырғаны белгілі. Балаларды қамтуда да олардың үлесі бар екенін көріп отырмыз. Сіздің айтып отырған ұсынысыңызды біз де жалпы түсініктікпен қабылдаймыз және бұл мәселеге де қайтып келу керек екенін қоғаммен, сарапшылармен ақылдасып отырмыз. Сондықтан да жалпы лицензиялау мәселесін бүгін-ертең емес, бұған келу үшін тиісті нормамен 2026 немесе 2027 жылдарға қарай келгеніміз дұрыс болады. Өйткені оған үлкен дайындық керек. Кәсіпкерлердің де дайындығы қажет. Сапалы қызмет көрсетіп отырған балабақшалар да бар. Олардың да мүдделері бұзылмауы керек, сонымен қатар балалардың қауіпсіздігінің де қатаң сақталуы қажет, - деді министр.

Депутат Еділ Жаңбыршин министрдің жауабына қанағаттанбады.

Бұл салаға 800 миллиардтай ақша бөлінеді екен. Оның қайда кетіп жатқаны белгісіз. Жекеменшік балалақшалардың ішінде дұрыс және бұрыс жасайтын кәсіпкерлер де кездеседі. Мұнда лицензиялаудан басқа қатаң бақылау болу керек. Ол да кенже қалып жатқан сияқты, - деді халық қалаулысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы