«Педагог мәртебесі» туралы заң балаларға сапалы білім беру үшін қабылданды - Аймағамбетов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Қазақ тілі мен әдебиеті: оқыту мәселелері және жаңа көзқарас» республикалық съезінде айтты.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен педагогтардың мәртебесін арттыру бойынша кешенді, жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. «Педагог мәртебесі» заңының қабылдануы ұстаздардың мәртебесін көтеруге септігін тигізгенін толығымен айта аламыз. Оны мұғалімдердің өздері де айтады. Солай емес пе? – деді министр.
Десе де Аймағамбетов әлі де өзгерту енгізіп, жетілдіретін мәселелер барын алға тартты.
Өмір бір орында тұрған жоқ. Әртүрлі әттеген-айларды да, проблемаларды да білеміз. Ол бойынша тиісті жұмысты жүргізіліп жатыр. Айтқым келетіні, бүгінгі күні алдымызда үлкен мақсат-міндеттер тұр. Президент қолдау көрсеткеннен кейін біз де қоғамға тиімділікті көрсетуіміз керек. Өйткені бізден сапаны талап етеді. Мәселенің ең түбінде жатқаны – балалардың бақытты болуы, балалардың білім сапасы. Мұны айтудан ешқашан жалықпаймын: «Педагог мәртебесі» туралы заңның түбінде тұрған педагог емес, бала, Қазақстанның жеткіншек азаматтары, болашағы, - деп атап өтті Бас ұстаз съезд кезінде.
Министр заң балаларға сапалы білім беру үшін қабылданғанын айтты.
Ол үшін не істеу керек? Әрине педагогтың мәртебесін көтеруіміз керек. Олқылықтарды түзеп, білім беру бағдарламасын әзірлеп, мектеп салу қажет, - деп толықтырды ведомство басшысы.