Тұрғындарға «пайызсыз несие алып беремін» деген алаяқ ұсталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға «пайызсыз несие шығарып беремін» деп алаяқтық жасаған күдіктіні ұстады.
Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне 5 жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғандарын айтып шағымданады. Жәбірленушілердің айтуынша, оларға сырттай таныстары ағымдағы жылдың маусым-шілде айларында Алматы қаласындағы банктердің бірінен қалаған соммада пайызсыз несие шығарып беремін деп сеніміне кірген. Содан жәбірленушілерден ұялы телефон арқылы 1,5 миллион теңгеден астам ақша аудартып алған. Одан кейін алаяқ тұрғындарды уәдесін орындамай не ақшасын қайтармай әбігерге салған. Аталған жайт Сайрам АПБ-на ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркелді.
Осы жайтқа байланысты алаяқтық қылмысын ашу мақсатында полиция бөлімінде тәжірибелі қызметкерлерден жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтап, оны АПБ-ға жеткізді. Ол жұмыссыз, бұрын сотты болған Түлкібас ауданының тұрғыны болып шықты.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері ұсталған ер адам алдау жолымен алған ақшаларды өзінің қажеттілігіне жаратып жібергенін толығымен мойындады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тәртіп сақшылары алаяқ азаматтың бұдан басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.