Пайдаланылмаған егістік мемлекетке өтті: Қайтарылған жер кімге беріледі?
Прокуратура 455 га пайдаланылмаған егістікті мемлекетке қайтарды.
Қостанай облысы Қамысты ауданының прокуратурасы жүргізген қадағалау барысында Аралкөл ауылдық округінде орналасқан 455 гектар ауыл шаруашылығы жерінің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмағаны анықталды.
Тексеру нәтижесінде шаруа қожалығына тиесілі егістік жер ұзақ уақыт бойы өңделмей, ауыл шаруашылығы дақылдары егілмегені және алқапты арамшөп басқаны белгілі болды.
Қолданыстағы жер заңнамасына сәйкес, ауыл шаруашылығы өндірісіне берілген жер телімі өңделмеген жағдайда ол пайдаланылмаған жер ретінде танылады. Осы негізде прокуратура актісі енгізіліп, заң бұзушылықтарды жою шаралары қабылданды.
Қамысты аудандық сотының шешімімен кадастрлық құны 10 млн теңгені құрайтын жер учаскесі мемлекет меншігіне мәжбүрлеп қайтарылды.
Қайтарылған алқап ауданның арнайы жер қорына енгізіліп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін азаматтарға қайта бөлінетін болады.