22 Қазан 2026, 01:29 Фото: depositphotos.com

Пайдаланушылардың деректеріне қатысты дау: Meta-ға 25 млрд доллар айыппұл салынды

Сот Meta-ның Facebook қолданушыларының деректерін пайдалану тәртібі туралы мәлімдемелерін қарастырған.

Facebook, Instagram және WhatsApp әлеуметтік желілерінің иесі Meta компаниясына АҚШ-тың Нью-Мексико штатындағы сот 25 млрд доллар көлемінде айыппұл салды. Бұған компанияның пайдаланушылардың жеке деректерін өңдеу тәсілдері туралы қоғамды жаңылыстырғаны жөніндегі айыптаулар себеп болған.

BBC мәліметінше, судья мұндай шешімді осы жылдың басында өткен екі апталық сот процесінің қорытындысы бойынша шығарған. Сот Meta-ның Facebook қолданушыларының деректерін пайдалану тәртібі туралы мәлімдемелерін қарастырған.

Іс Cambridge Analytica жанжалымен де байланысты. Аталған консалтингтік компания Facebook қолданушыларының деректерін саяси мақсаттарда, соның ішінде 2016 жылғы АҚШ президенттік сайлауына қатысты жұмыстарда пайдаланған.

Нью-Мексико штатының заңгерлері Meta басшыларының пайдаланушылардың деректері ешқашан сатылмайтыны немесе үшінші тараптарға берілмейтіні туралы мәлімдемелеріне күмән келтірген. Судья Фрэнсис Мэттью компанияның әрекеттері 2010 жылдан 2021 жылға дейін жалғасқанын атап өтті.

Сот материалдарында Meta басшыларының, соның ішінде Марк Цукербергтің ішкі хат-хабарлары да қарастырылған. Судьяның пікірінше, бұл хабарламалар қоғамды жаңылыстыруға бағытталған.

Заң бұзушылықтар үшін есептелген айыппұлдың бастапқы сомасы 219 млрд доллар болғанымен, судья оны 25 млрд долларға дейін қысқартты.

Meta өкілдері сот шешіміне қатысты түсініктеме бермеген. Компания бұған дейін де балалардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік желілердің ықпалына байланысты бірқатар сот процестеріне тап болған.