Павлодарлықтар жылу сапасына 1,5 мың рет шағым түсірген
Ертіс өңірінде жылыту маусымы аяқталды. Өткен қыста тұрғындар тарапынан жылу сапасына 1,5 мың рет шағым түскен, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.
Облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, аймақта жылыту маусымы штаттық режимде өтті.
Осы жылыту маусымында инженерлік инфрақұрылымда 226 бұзушылық тіркелді. Бұл – салыстырмалы кезеңге қарағанда әлдеқайда аз көрсеткіш. Электрмен жабдықтайу желілерінде 1810 рет ажырату болды. Ал жылу желілерінде 284 ақау тіркелді. Сонымен қатар, өңірде жылу жетіспеушілігі бойынша 700-ден астам дерек расталды, - дейді Ержан Иманзайыпов.
Ендігі мақсат – жылу желілерінде гидравликалық және температуралық сынақтарды жүргізу. Келесі жылу маусымына дайындық шеңберінде энергия көздеріндегі 39 негізгі жабдық жөнделіп, жылу желілерінің 40 шақырымы қалыпқа келтіріледі. Сонымен қатар, қолданыстағы қазандықтар мен екі мыңнан астам көпқабатты үй мен мыңнан астам әлеуметтік нысан дайындықтан өтеді.
Павлодар қаласында әбден тозған желілердің үлесін азайту үшін жыл сайын 30 шақырымды жөндеп отыру керек. Былтыр көрсеткіш 1,5%-ға азайды. Биыл дайындық аясында, әрине, Екібастұз қаласының жылу көздеріне басымдық беріледі. Осы қыста жылумен қамту штаттық режимде өтті, - дейді Ержан Иманзайыпов.
Айта кетейік, бүгінгі таңда жылу жабдықтарының тозуы 92,2%-ды құрайды. Биыл төрт шақырымға жуық желі жөнделмек. Өзге де ақаулар гидравликалық сынақ нәтижесінде белгілі болмақ.
Мамандардың айтуынша, коммуналдық желілерді жөндеу бойынша жобалар әзірленген. Олардың құны 56 млрд теңгеден асып жығылады. Жобалар қаражаттың бөлінуіне қарай жүзеге асырылады.