Павлодарлықтар судағы қауіпсіздік ережелерін елемейді
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің құтқарушылары дабыл қағып отыр. Шомылу маусымы басталмаса да, өзен-көлдерге түсіп жүргендер көбейген.
Мамандардыу айтуынша, су айдындарының аумағы мен түбі тексерілмейінше, жүзуге тыйым салынған. Төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің мәліметінше, Ертіс өзенінің өзінде 150-ден астам қауіпті учаске бар. Сондықтан шомылу маусымының ашылуына дейін ондаған рейдтік шара жүргізілді. Түсіндіру жұмыстары қауіпті деген орындарда жиі жүргізіледі. Рейд барысында қауіпсіздік ережелері туралы жадынамалар таратылды.
Өткен жылы шомылу мауысымында алты адам суға батып кетті. Олардың екеуі – бала. Азаматтар көбінесе рұқсат етілмеген жерлерде суға түсіп, көз жұмып жатады. Өткен жылы орталық жағалауда бір бала қаза тапты. Бұл оқиғадан кейін тексеріс жүргізіп, коммуналдық ұйымдармен алдын алу шараларын өткіздік, - дейді Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Ренат Валишанов.
Құтқарушылар, әсіресе, балалардың судағы қауіпсіздігіне алаңдаулы. Олар аптап ыстықта су айдындарына ересектерсіз барып, серуен құрып жүр. Оқушылар стихиялық жағажайларда да шомылуды әдетке айналдырған.
Бұған дейін Усолка шағын ауданы мен орталық жағажайдың рұқсат етілмеген орындарынан 10-нан астам баланың шомылып жүргенін тіркедік. Өкінішке қарай осы тектес оқиғалар жыл сайын қайталанады. Балалардың қауіпсіздігін ата-аналары да ескерген жөн, - дейді құтқарушылар.
Еске сала кетсек, биыл шомылу маусымында облыс бойынша 40-тан астам жағажай ашылады.