Павлодарлықтар көпқабатты үйдің сапасыз құрылысына наразы
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодарда екі жыл бұрын салынған әлеуметтік тұрғын үй қирап жатыр. Тұрғындардың айтуынша, нысанның төбесіндегі кірпіштер үгітіліп, жаңбыр суы төменгі қабаттарға кіріп жатыр.
Еске сала кетсек, екі жыл бұрын бұл үй «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша «Сарыарқа» шағын ауданында бой көтерген. 108 пәтер кезекте тұрған жетімдер, ата-ана қамқорлығынан айырылған азаматта, мүмкіндігі шектеулі тұрғындар, көпбалалы отбасылар арасында үйлестірілген.
Көптен күткен пәтер кілтіне қол жеткізгендердің қатарында 32 жастағы Людмила Гетманская бар. Азаматша – жетімдер үйінің түлегі. Бірнеше жыл кезекте тұрғаннан кейін мемлекеттен екі бөлмелі пәтер берілген.
Өзім тоғызыншы қабатта тұрамын. 60 шаршы метрден астам үйім бар. Екі жыл кезекте тұрдым. Пәтер алғанда қуанышымда шек болмады. Енді бір жыл өткен соң проблемалар туындады. Үйдің құрылыс сапасы нашар. Тоғызыншы қабаттағы баспаналарға сорғалап су ағады. Жаңбыр жауса болғаны, уайымдай бастаймыз. Салдарынан электр желілерінің тоз-тозы шықты. Тоқ соғады. Бұған дейін мердігерлерге хабарластық. Келіп, жөндеп береміз деп сөз берді. Төбедегі кірпіштер қопарылып жатыр. Оның бәрін қазір жөндемесе, жағдайымыз қиындайды, - дейді Людмила Гетмансая.
Жауапты органдар бұл мәселеден хабардар болып шықты. Павлодар қалалық құрылыс бөлімі мердігер ұйымға ескерту хат жолдаған.
Хат жолданды. Тұрғындардың шағымы жеткізілді. Енді құрылысшылар келіп, олқылықтардың барлығын жоюы тиіс. Бұл қызметті кепілдік мерзім аясындағы келісім бойынша атқарады. Алдымен су ағатын төбесі жөнделеді. Кейін өзге бөліктері қалыпқа келтіріледі, - деп хабарлады қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Асқар Ажмұрат.
Айта кетейік, бір жыл бұрын тоғызыншы қабатағы пәтердегі төбенің сылағы опылырып құлаған. Бұл пәтерде нәресте бар. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Тұрғындар осы тектес оқиғалардың болмауын қалайды.