Павлодарлық жедел-жәрдем қызметі елімізде үздік атанды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің жедел-жәрдем станциясы елімізде үздік атанды. Медициналық ұйым өкілдері «Алтын шипагер» сыйлығына ие болды.

Бүгінгі таңда 103 қызыметінде 100-ден астам медициналық құралмен жабдықталған көліктер мен 150-ден астам білікті маман еңбек етеді. Сонымен қатар 400-ден астам орташа қызметкер жұмыс істейді. Науқасқа уақытында жетіп, жедел қызмет көрсету жұмысы толық цифрландырылған. Заманауи құралдардың арқасында мамандар бригадасы қоңырау түскен мекенжайға санаулы уақытта жетеді. 

Әрине, марапат табысталғанда қуанышымызда шек болмады. Ұжымымыз үшін бойымызды мақтаныш сезімі кернеді. Бұл бірінші кезекте мамандарымыздың еңбегінің арқасында келген тарту. Ұжымымызда Гиппократ антына берік, медицинада 40 жылдан астам уақыт тер төгіп жүрген ақ желеңділер бар. Олардың соңынан ерген жастар да көп, - дейді облыстық жедел-жәрдем станциясы бас дәрігерінің орынбасары Ирина Мищенко.

Жедел-жәрдем станциясында инновациялық технологиялар осыдан 10 жыл бұрын енгізіле бастады. Мамандардың қызметі толық автоматтандырылды. Бұл үрдіс елімізде алғашқылардың бірі болып енгізілді. Бүгінде қалалық және аудандық қызметтер орталықтандырылып, толық сандық жүйеге көшірілген. Сырқаттарға жету уақыты 15 минуттан 8 минутқа қысқарды  Әр пункттің керек-жарақтарына жыл сайын 20 млн теңге бөлініп тұрады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы