Павлодарлық тұрғын синтетикалық есірткімен ұсталды
Павлодарлық тұрғын синтетикалық есірткімен ұсталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Павлодар облысының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Павлодар қаласындағы гараж кооперативтерінің бірінің жанында Daewoo Nexia көлігін тоқтатты.
Тексеру кезінде жүргізуші орындығының астынан ұнтақ заты бар полиэтилен орамдары табылып, тәркіленді. Автокөліктің жүргізушісінен жеке тексеру барысында ұнтақ заты бар полиэтилен орамдары, ал оның тұрғылықты жері бойынша көк түсті ұнтақ тәрізді заттары бар металл және пластмасса шыныаяқтар, сондай-ақ электрондық таразылар анықталды, – деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Сания Ахметжанова.
Полицейлер сот-химиялық сараптаманың қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар салмағы 920 грамм психотроптық а-рvр заты және салмағы 556 грамм психотроптық зат 4-метилметкатинон (мефедрон) екенін атап өтті.
Алынған синтетикалық препараттың жалпы салмағы 1 келі 487 грамм. Осы факті бойынша Қазақстан Республикасы ҚК 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі.
Күдікті Павлодар қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.