Павлодарлық тоғызқұмалақшы Чехияда топ жарды

Чехияның Прага қаласында өткен тоғызқұмалақтан халықаралық турнир аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Халықаралық турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Польша, Австрия, Словакия, Германия және Чехия елдерінен әлемдік додаларды бағындырып жүрген ең танымал тоғызқұмалақшылар қатысты. Жарыс халықаралық ереже бойынша командалық, классика және рапид түрлерінен өтті.

Біздің елдің туын көтеріп барған екі спортшының бірі – Павлодар педагогикалық университетінің студенті Жәмила Баилдяшева.

ППУ баспасөз қызметінің мәліметінше, жарыс қорытындысы бойынша классикалық жарыста Жәмила Баилдяшева алтыннан алқа тақса, рапид жарысында қола медаль еншілеген. Командалық ойында еліміздің спортшылары 1-орынды жеңіп алды.

Командалық есепте Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медальмен 1-орынға ие болды.

Жарыс аса қиын болған жоқ, керісінше ұнады. Басқа мемлекеттің адамдарымен ойнаған өте қызықты болды. Еліміздің абыройы үшін барынша мұқият ойнауға тырыстық. Халықаралық турнир болғандықтан әлемнің үздіктері келді. Бізге Қырғызстан және Чехия ойыншылары мықты қарсылас бола білді, - дейді Жәмила Баилдяшева.

Айта кетейік, Жәмила Баилдяшева спорт шеберлігіне үміткер. Ол Павлодар педагогикалық университетінде дене тәрбиесі және спорт бойынша білім алады. Тоғызқұмалақ спорты бойынша Азия кубогының жеңімпазы (2020, 2022), ҚР командалық чемпионатының жеңімпазы (21 жасқа дейін), әйелдер арасында өтетін командалық чемпионаттың жүлдегері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы