Павлодарлық сотталғандар электронды білезіктердің көмегімен бақыланады

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің пробация қызметі жазасын өтеушілерді заманауи технологиялардың көмегімен бақылай бастады. Қазіргі уақытта 100-ден астам электронды білезік іске қосылды.

Бұдан былай сотталғандардың жүріс-тұрысы күндіз-түні онлайн режимде бақыланып тұрады. Алғашқы білезік бірнеше рет алаяқтық дерегі бойынша сотталған азаматтарға тағылды. 

Сала мамандарының айтуынша, құрал түрмеге қамауға алудың орнына қолданылады. Ал пробациялық есептегі адамдар үшін, яғни, шартты түрде бас бостандығынан айырылғандар үшін жазаны өтеу барысында еңбек етуге мүмкіндік береді. 

Білезік ыңғайлы болып шықты. Біз әдетте әр бейсенбі сайын пробациялық қызмет мекемесіне келіп, есеп беріп отырамыз. Енді әр қимылымыз білезіктің көмегімен бақыланып отырады. Біз үшін шартты түрде бостандықтан айырылу түрмеде отырудан әлдеқайда жақсы. Сонымен қатар жазамызды мойындап, дұрыс жолға түсуге мүмкіндік деп білемін. Мен алаяқтық үшін 3 жыл 6 айлық мерзімге сотталдым. Қазір Павлодар қаласынан тыс жерге шығуға тйым салынды. Дегенмен, отбасымның жанындамын. Жұмыс істеуге де мүмкіндік бар, - дейді 32 жастағы сотталушы.

Павлодар қаласы бойынша пробация қызметінің бастығы Әсеи Мыңжасаровтың айтуынша, білезікті кигізбес бұрын жазасын өтеушілер арасында нұсқама жүргізіледі. Электронды құралды пайдалану, күтіп-ұстау, қуаттау бойынша кеңінен түсіндіріледі. 

Білезік жеңіл әрі ыңғайлы. Сотталғандар бір жыл бойы пайдаланады. Қуаты көп уақытқа жетеді. Суға төзімді келеді әрі аллергия тудырмайды. Жазасын өтеуші білезікті қиратып, уақытында қуаттамаса, бізге дабыл түседі. Олардың қайда жүргенін ұялы телефондағы қосымша арқылы да біле аламыз. Егер сотталушы тәртіпті бұзса, біз олардың шартты түрдегі жазаларын өзгерте аламыз. Яғни, сотқа шағымданып, түзету мекемесіне қамау жөнінде шешім қабылдай аламыз, - дейді Әсет Мыңжасаров.

Айта кетейік, еліміз бойынша қылмыстық-атқару жүйесіне 2,5 білезік бөлінді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы