Павлодарлық шебер сүйек жону өнерін дамытып келеді
Ертіс өңірінің тумасы Қайнарбек Ерназарұлы соңғы жылдары оқушылар арасында сүйек жону, былғары өңдеу, тоқыма өнерін дамытып келеді, деп хабарлайды Павлодар облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Қайнарбек Ерназарұлы бүгінде облыс орталығындағы №1 орта мектепте көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Бойына дарыған қасиетін оқушылар арасында дәріптеп, тәжірибесімен бөлісіп жүрген жайы бар.
Ата-бабаларымның барлығы ағаш шеберлері болған. Аталарым музыкалып аспаптар, ұлттық ыдыс-аяқтар, жиһаз жасаумен айналысқан. Өзім де аз-кем айналысып жүрдім. Бес жыл бұрын ауылдан Павлодарға көшіп келдім. Көркем еңбек сабағында балалармен ұлттық өнер бағытында жұмыс істейміз. Мысалы, ұмытылып бара жатқан қолөнер бағыттары бар. Балалар сүйек жону, мүйіз жону, өрім өруді үйреніп жатыр. Облыстық оқушылар сарайында «Атамұра» деген үйірме де аштық. Кабинеттер сүйек жонуға арналған құралдармен жабдықталған, - дейді қолөнер шебері.
Тегін үйірмеге 4-9 сынып оқушылары келіп жүр. Қолөнер шебері білгенін жас ұрпаққа үйретуді мақсат етеді. Себебі, ұлттық өнер атадан балаға қонуы керек.
Ағаштан бұйым жасау, сүйек ұқсатуды мамандық ретінде меңгерген емеспін. Бір білетінім, бұл өнер адамның жеке дамуына, шығармашылық дамуына оң әсерін тигізеді. Мақсатым да сол. Балаларымыз ата-баба мұрасын білуі тиіс. Ең бастысы, оқушылар тарапынан қызығушылық бар. Шәкірттерім облыстық, қалалық және республикалық байқауларда жеңістерге жетіп жүр, - дейді Қайнарбек Ерназарұлы.
Қолөнер шебері үйеңкі, қайың ағаштары мен былғарыдан ұлттық нақыштағы ыдыс-аяқ, ал қара мал сүйегінен декоративті бұйымдар жасайды. Шебердің айтуынша, материалдардың барлығы экологиялық таза әрі оларды табу қиын емес.
Сүйекті жонып, білезік, шаш қыстырғыш, алқалар, сырғалар, тұмарлар және өзге де заттарды жасайтын адамдар кем де кем. Жоғалып бара жатқан өнер деуге де болады. Оқушылар осы тектес бұйымдарды жасау технологиясын меңгеріп алған. Сүйек күлі балаларға зиян келтірмеу үшін қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаймыз. Бұл жұмыс ыждахаттылық пен шыдамдылықты талап етеді. Онсыз өнер болмайды. Бұл өнерді дамытуға теңізге тамған тамшыдай болса да үлес қосып жүргеніме қуаныштымын, - дейді қолөнер шебері.
Қолөнер шебері суретшілер арасындайғы шығармашылық байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған.