Павлодарлық полицейлер тұрғындардан түскен бес мың өтінішке жауап берді
Павлодар, BAQ.kz тілшісі. Павлодар облысының учаскелік полицейлеріне жыл басынан бері тұрғындар тарапынан бес мың өтініш түскен. Әр өтініш бойынша тиісті шара қолданылған.
Жыл басынан бері 140 қылмыстық істің беті ашылып, бес мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылған.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Владимир Склярдың айтуынша, өңірде «қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда.
Павлодар қаласының аулаларында полицияның модульді бекеттері орнатылды. Бекет орнатылғалы бері бұл учаскелердегі құқықбұзушылықтар 40%-ға азайған. Әкімшілік уческелерде орнатылған бейнебақылау камераларының көмегімен кез келген заңбұзушылық шұғыл түрде анықталады. Учаскелік полицейді халық тану керек. Сонда тәртіп сақшысына деген сенім арта түседі, - дейді Владимир Скляр.
Полицейлер халыққа жақын болу және бұзушылықтарды жедел анықтау мақсатында мессенджерлерді барынша қолдануда. Құрылған топтарда ПИК, үй иелері, бағбандық шаруашылық өкілдері мен учаскелік полицейлер бар. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «SOS» шұғыл шақырту батырмалары құрылып, «Police 102» қосымшасы іске қосылды. Сонымен қатар, учаскелік полицейлерге қолдау көрсететін 1162 қоғамдық көмекші қызметі қарастырылған. Айта кетейік, бүгінгі таңда Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында 15 модульді полиция бекеті жұмыс істейді.
Облыста желел-алдын алу шаралары нәтижесінде қылмыстар 27%-ға, оның ішінде адам өлтіру деректері 53% және ұрлық 81%-ға төмендеген.