Павлодарлық полицейлер қызмет барысында қаза тапқан әріптестерін еске алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодарлық полицейлер қызмет барысында қаза тапқан әріптестерін еске алды, деп хабарлайды Polisia.kz.
5 мамыр күні Павлодарда қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлерін еске алу монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Қаза тапқан әріптестерін еске алуға Павлодар облысы Полиция департаментінің басшылары, жеке құрам, сондай-ақ азаматтарды қылмыстық қол сұғушылықтан құтқару игілігі үшін өз өмірлерін қиған батырлардың ата-аналары мен жұбайлары келді.
Құрметті ардагерлер, құрметті әріптестер және қонақтар! Ішкі істер органдарының тарихында өмірін қиған, мундирдің намысын қорғаған және қызметтік борышын мінсіз орындаған полицейлердің жанқиярлығы мен батырлығының көптеген жарқын мысалы бар. Біз қаза тапқан әріптестерімізді ешқашан ұмытпаймыз, олардың ерліктері өз халқына шексіз қызмет етудің қиын жолын таңдаған жас қызметкерлер үшін жарқын үлгі болады. Баршаңызға зор денсаулық, отбасылық амандық және Отанымыз Қазақстан Республикасының игілігі үшін қызметте жаңа табыстар тілеймін, – деді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Василий Скляр.
Еске алу іс-шарасына қатысушылар мемориалға гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, өмірінің соңғы минуттарына дейін адал қызмет еткен батырларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Ауаға үш рет оқ атылды.
Бүгін біз қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлеріне арналған монументтің қасындамыз. Біз жыл сайын дәстүрлі түрде осында келеміз, қайтыс болған қызметкерлердің ата-аналары мен туыстарын оларды еске алу үшін шақырамыз. Біз әріптестерімізді ешқашан ұмытпаймыз, олардың ерлігі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді Павлодар облысы ІІО мен Ұлттық ұлан ардагерлері кеңесінің төрағасы Бақберді Абраев.
Бақберді Абраев мұндай іс-шаралар тек еске алу ғана емес, сонымен қатар жас ұрпақты лайықты тәрбиелеу екенін атап өтті.
Айта кету керек, Қазақстан полициясы құрылғаннан бері құқық қорғау органдарының 814 қызметкері қылмыспен күресіп, қаза тапты, оның ішінде сегіз полиция қызметкері Павлодар облысында қызмет атқарды.
Бұл іс-шараға полиция капитаны Ахметкалы Тезекбаевтың жұбайы Гүлмира Тезекбаева да кішкентай немересімен бірге азаматтардың тыныштығы үшін соңына дейін қылмыспен күрескен жұбайын еске алуға келді. Сол қайғылы күннен бері 25 жыл өтті. Бүгінде әжесі немерелеріне атасының ерлігі мен батылдығы туралы баяндап береді.