Павлодарлық полицей субұрқақта тоққа түсе жаздаған балаларды құтқарды
Ақсу қаласында электр тоғы қосулы болған субұрқақта жүрген балаларды құтқарды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Патрульдік полицияның капитаны Қажымұрат Файызов қоғамдық тәртіпті бақылау кезінде балалардың айқайын естеген. Кейін қалалық балалар шығармашылығы орталығының маңындағы субұрқаққа жедел жеткен.
Субұрқақтың жанында екі қыз бала жылап тұрды. Жанында ересектер де болды. Бірақ, суға кіре алмапты, себебі, тоқ қосулы болды. Бұған қарамастан, суға кіріп, 6 және 8 жастағы қыз балаларды шығардым. Сыртқа шығарған соң жедел-жәрдем шақыртып, дәрігерлерге тапсырдым, - дейді Қажымұрат Файызов.
Кейін 3, 6 және 8 жасар балалар субұрқаққа ата-аналарының рұқсатынсыз шомылуға келгені анықталды. Сол сәтте 3 жасар қыз баланы тоқ соққан. Салдарынан сәби жарақат алып, Ақсу қалалық ауруханасына жеткізілді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, қыз баланың жағдайы тұрақталды. Бүгінгі жағдай бойынша кішкентай науқас жансақтау бөлімінен балалар бөлімшесіне ауыстырылды. Жағдайы орташа деңгейде.
Облыстық полиция департаменті мамандарының хабарлауынша, аталған жағдай бойынша Қылмыстық кодексінің 254-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.